Образование

Қалдырған ізің мәңгілік

0 8

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жаны», — деп атаған. Ал ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын, күш-қайратын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ұлағатты жанның бірі әулиекөлдік К.Жаукин. 

Кәкімбек Жәукеұлы 1947 жылдың 3 сәуірінде бұрынғы Семиозер ауданына қарасты (қазіргі Науырзым ауданы) Құмжота ауылында туған. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, майданнан мүгедек болып оралады. Алдында бес апасы, бір қарындасы бар, отбасындағы жалғыз ұл. Алғаш ауыл бастауыш мектебінде, он жылдықты Шолақсай орта мектебінен оқып бітіреді. Әкесі марқұм соғыстан алған жарақаттан баласының он үш жасында өмірден озады. Мектепте жақсы оқыған жас талап Шилі мектебіне мұғалім болып орналасады. Еңбектен қол үзбей Қарағанды педагогикалық институтының математика факультетіне түседі. Ұстаздық қызметін туған мектебінен бастап, ұстаз атты ұлы есімнің парасаттылығын шыңдаумен болған жас мұғалім өзінің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, өзін-өзі ұстауы арқылы көзге түседі. Осындай ерекшеліктерінің арқасында сегіз жылдық мектепке директордың орынбасары болады. Және де өзін терең білімді, білікті жағынан көрсете білген ұстазды 1976 жылы 600 оқушысы бар Соснов орта мектебіне директорлыққа тағайындайды. Одан кейін қайтадан өзі қызмет еткен Шилі, Приозерный орта мектептерін басқарады.

Ал 1999 жылы Кәкімбек Жаукин аудан орталығындағы қара щаңырақ Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебіне директор болып келеді. Ол кезде бала саны аз болатын. Қызметіне кірісімен оқушылар санын және қазақ мектебінің дәрежесін көтеру үшін күн-түн демей аянбай еңбек етті. Мұғалімдер жаңа келген басшыға қолдау көрсетіп, үй-үйді аралап оқушы іздеді. Соның нәтижесі болар, сол жылы қыста мектепке 200-300-дей оқушы келеді. Мектепті жөндеу үшін демеуші іздеп талай мекеменің есігін қаққаны әлі есінде. Тіпті осындағы шіркеуге дейін барған. Меселін қайтармай, айтқан уәдесінде тұрып, ертеңіне 15 қап цемент әкеліп береді. Қажырлы еңбегінің арқасында білім ордасының абыройын көтерді. Азамат Сақов атты оқушысы ауданда тұңғыш «Алтын белгі» иегері атанды. Ержан Латен республикаға танымал болды. Әлі есінде, үздік үш оқушыны облыс әкімінің қабылдауына апарады, сол жылы үшеуі де жоғары оқу орнына тегін түседі.

Ұлағатты ұстаз 47 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, олардың жүрегіне жол тауып дәріс беріп қана қоймай, оқушыларды адамгершілікке, мейірімділікке, имандылыққа да тәрбиелеуді парыз санады. Өйткені, оларды Қазақстанның болашағы деп таныды. Бүгінде ұлағатты ұстаз өзі оқытқан оқушыларымен мақтанады, арасында министрлікте, әкімдікте, ұстаздық еңбек етіп жүргендері қаншама.

Адал еңбек қашан да адамның мәртебесін көтеретіні анық. К.Жаукин абыройлы да мінсіз еңбегі үшін «Қаз ССР-і білім беру ісінің үздігі» медалімен, облыстық конкурста «Жыл директоры» атанады. Н.Назарбаевтың Мақтау қағазымен марапатталады.

Зейнеттік демалысқа шығып, көп жылғы еңбегінің рахатын көріп отырған ұлағатты ұстаз Кәкімбек Жаукин бұл күнде 70 жасқа толып отыр. Күні кеше ғана сияқты еді. Өзі бастық, өзі мұғалім, әрі жетекші болып тыным таппай жүргені. Іскер әрі білікті басшы бола білген бұл адам – білімді мұғалім, жетекші-ұстаз, әділ бастық, мәдениетті директор, қамқор әке де бола білді.

Жаукиндерді ұстаздар отбасы деуге болады. Жұбайы Төлебаева Рахима Төлебайқызы 43 жыл мұғалім болды. Қыздары Айгүл, Бағыткүл, келіні Дина  бастауыш сынып мұғалімдері, ұлдары Айдос мектепте, Айдар Астанада Қорғаныс министрлігінде қызметте, шені полковник. Бақтияры Аягөзде әскери бөлім маманы, капитан. Ұлағатты жандардың бес немересі бар, үлкені Айнаш Алматыда үлкен фирмада аудармашы болып жұмыс істейді.

-70 жасқа келгенімді білмей де қалдым. Өмірімде жақсы кісілер көп кездесті. Ешкімге тілім тимеді. Талай адамдарға шарапатым тиді. Көңілін қайтармай,  көмек сұрағандарға көмектестім. Жүрген жерімде жақсылық жасап жүрдім, — деп еске алады ардагер ұстаз.

«Әулиекөл» газетінің барша оқырмандары атынан Кәкімбек Жәукеұлы мен Рахима Төлебайқызын алтын тойларымен және мерейлі жасымен құттықтап, шаңырағы шаттыққа толып, үрім-бұтағының қызығын көріп, Алла тағала гауһар тойға жетуіне нәсіп етсін деген тілегімізді білдіреміз. Тойларыңыз тойға ұлассын.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА
Суретті түсірген автор

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика