Культура

Әсем саздың шаттығын сыйлаған мереке

0 7

Жақында аудандық мәдениет үйінде «Қуатты Қазақстан — шуақты Қазақстан» атты облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының XXХІ  фестивалі өтті. Жерлестерін қолпаштауға келген көрермендерден ине шаншар жер жоқ. Құрметті қонақтарды салт-дәстүрге сай нан-тұзбен қарсы алды. Концертті үш жүргізуші қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізді. 

Өнер кешіне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, аудан әкімі Жансұлтан Таукенов қатысты.

Фестивальді ашқан аудан басшысы Ж.Таукенов барша әулиекөлдіктерді өнер мерекесімен құттықтап, әрқашан Қазақстанның мәдениеті дами берсін дей келе, өнерпаздарға толағай табыс тілеп, өнерлерің  өрге жүзсін деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Мерекеде әртістердің өнерін Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның дирижері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Александр Евсюков бастаған құрамында ҚР Министрлігінің  «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның солисі, Халықаралық, республикалық сайыстардың  лауреаты,  Қостанай облысы меценаттар клубы сыйлығының лауреаты Серік Әбілев, «Ен Мари» хореграфиялық ансамблінің жетекшісі, хореограф-педагог, Қостанай меценаттар клубы сыйлығының лауреаты Юрий Ли, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева,      Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері, Қостанай меценаттар клубы сыйлығының лауреаты Назымбек Молдахметов бар кәсіби әділқазылар алқасы бағалады.

Өнер кешінің шымылдығы Б.Жүнісов атындағы қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің (жетекшісі әрі дирижері А.Хамитбеков) орындауындағы «Бостандық таңы» күйімен ашылды. Өнерпаздар Қалқаман Қоқанбай мен Жанар Сәрсенғалиева ансамбльдің сүйемелдеуімен орындаған «Сағыныш саздары» әнін халық жылы қабылдады. Жерлестерін өнерімен қуантып жүрген жұлдызды әнші Ерлан Қасымов халық әні «Екі жиренді» ерекше нақышта орындап, залды әсем күйге бөледі. «Услада» фольклорлық ансамблі көңілді «Поехали, любимая, в деревню жить» (жетекшісі О. Судакова) әнімен өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары қойылым қойып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өнерпаз Тимур Сулейменов «Мой город» әнімен сахнаның сәнін келтірді. Арнұр Көлбаева орындаған «Қазақ вальсі» әні халықты өнеріне тәнті етті.  Сахнаға әркез қазақтың қара домбырасымен шығатын  Қарақалпақ ауылынан келген Мирамбек Жетпісбаев «Қазақ осы» әнімен қазақ халқының кең де қонақжайлылығын танытты. «Жігіттер» триосы Е. Қасымов, А. Хамитбеков, Е. Молдабековтің орындауындағы халық әні  «Гүлдариға» (Е.Молдабеков) жүректен жүрекке жетті. Мәдениет үйінің орыс халық аспаптар ансамблі  (П. Сотник) «Весеннее настроение» және «Транзит» вокальды-аспапты тобының «Чардаш» (солист М.Харченко, жетекшісі В.Обруч) туындысын орындап, асқан шеберліктерін көрсетті. Ал үрмелі оркестрдің (Е.Пономарев) орындауындағы поппури сонау 80-ші жылдарға саяхат жасап, көпшіліктің жастық шағын еске түсірді. Өнер мектебі квартеті (О.Судакова) «Наш сосед» әсем ән орындап, көңіл жадыратты. Б.Жүнісов атындағы қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің (А.Хамитбеков) халық күйі «Ақсақ құланды» құйқылжытап орындап, бір толқытып, бір шаттандырды. Жерлестерін әркез жақсы әндерімен қуантып жүрген Юрий Волков пен Петр Сотниктің «Давайте жить» (П.Сотник) әні жұртшылықтың жүрегінде үлкен әсер қалдырды. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне арнаған өнер мектебінің мың бұралған бишілер тобы (Д.Кожахметова) өнерімен паш етті. Аудан орталығының сахнасында әсем де жарқын билерімен өнер көрсетіп жүрген «Диев» агрофирмасы» ЖШС-інің (Р.Ахмеилова) бишілер тобы өзбек биімен мереке көрігін одан сайын қыздыра түсті. Мәдениет үйінің «Эдельвейс» тобының бишілері (О.Шурыгина) украинның, қазақтың билерін билеп, мерекенің көрігін одан әрі шырайландыра түсті. Сондай-ақ, бұл топ Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы күніне орай, «Военный танец» биін сыйлады. Сахнаның көркіне айналған көптеген облыстық және Халықаралық байқаулардың жүлдегерлері ағайынды Бекболат пен Айдар Жазықпаевтардың орындауындағы (жетекшісі А. Серікбаева) жүрек тербетер «Махаббат» әсерлі әніне сүйсінбеген жан қалмады. Мерекелік байқау хордың (дирижері А.Көлбаева) және жеке дауыста Ерлан Қасымов пен Оксана Гартельдің орындауында «Жаңа ғасыр Қазақстан» әнімен аяқталды. Залда көрермендер өнерпаздарды қолдау мақсатында  «Жастар – еліміздің болашағы», «Қазақ елі – Мәңгілік ел» плакаттарымен желеу берді.

Фойеде атақты «Диев» агрофирмасы» ЖШС-і ұнынан жасалған тәтті нан, кітап көрмесі, өнерлі балалардың қолынан шыққан қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Көркем безендірілген сахна, концертті жүргізушілер мен өнерпаздардың көз тартарлық жаңадан тігілген костюмдері байқаудың өтуіне ерекше сән берді.  Көрермен назарына ұсынып, әсем саздың шаттығын сыйлаған жиырма бір концерттік нөмір тыңдармандардың жүрегіне үлкен әсер етті. Әулиекөлдік өнерсүйер қауым сахнаға шыққан әр қатысушыны қолпаштап, ду қол шапалақтап қарсы алды.

Байқаудың қорытындысында әділқазылар алқасы сценарийдің тақырыпқа сай өткенін, сахнаның безендірілуі де көңілге қонымды екенін және барлық нөмір де негізінен жоғары бағаланды. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін облыстың біраз аудандарында өткен байқаулармен салыстырғанда біздің аудан өнерпаздарының бағалары жоғары екенін тілге тиек етті. Сегіз нөмір облыстық қорытынды фестивальге жолдама алды. Осылайша, Әулиекөлдегі өнер мен мәдениет мерекесі ұйымшылдықпен, жоғары дәрежеде өтті.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Суреттерді түсірген Әсемхан ЕСМАҒАМБЕТОВ

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика