Общество

Біздің Күнсара апа

0 3

Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламасының үшінші бағытында қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», — деген. Біздің дархан мінезді халқымыз көне заманнан бері жасы үлкенді сыйлауды, оларды құрмет тұтуды өзінің парызы деп санаған.  

Ауданымыздың өсіп-өркендеу жолында аянбай тер төгіп, еңбек еткен аға-апаларымыз бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Өз                                                                                                                                              кезектерінде еңбек ардагерлерінің елге жасаған қызметін, өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, дәріптеу — құптарлық іс. Мұндай құрметті жандар ауданда көптеп саналады.

Қарттар күні қарсаңында нұрлы дидарлы, ашық жарқын, сыры кетсе де, сыны кетпеген Күнсара Жанғожинаны арнайы іздеп бардық. Сөйлескен жанды бірден өзіне баурап алатын қасиетімен ерекшеленетін жанды бүкіл ел таниды десем артық айтқандық емес. Жетісіне екі-үш рет редакцияға телефон шалып, хал-жағдайымызы сұрап, амандығымызды біліп, тілектестік білдіріп отырады. «Әулиекөл» газетінің тұрақты оқырманы, газеттің бір нөмірі кешіксе, газет әлі келген жоқ деп дабыл қағып отыратын да осы біздің Күнсара апамыз.

Апайдан өмір жолыңыз, өзіңіз туралы айтыңызшы деген сауал қойдым. Ойланып қалып, сағымдай болып өткен күндері есіне түсті ме, үнсіз қалды. Күнсара Жанахметқызы Жангелді ауданының Қызыл әскер ауылында 1939 жылдың 15 мамырында туған. Әкесі Жанахмет пен анасы Рақиманың бес баласының кенжесі. Әкесі еңбек армиясында болып, көп бейнет көргендіктен болар қызының сегіз жасында өмірден озады. Әдемі болып өсіп келе жатқан сұлу аруды сол кездегі совхоз директоры Қозыкен Айсауытов інісі Әділ Жанғожаұлымен таныстырады. Талдықорғаннан жоғары оқу орнын бітіріп келген жігіт бойжеткенді ұнатады. Сөйтіп, жас қыз 1958 жылдың 28 қарашасында жаңа өмірге қадам жасап, қазақылық ибалығынан таймай, Бақай әулетіне келін болып түсіп, ақ босаға аттайды. Жары анасының жалғызы екен. Енесі Кәми марқұм ерінен жиырма алты жасында жесір қалғанда ұлы небәрі төрт жаста ғана болатын. Жалғызын үлкен азамат етіп өсіріп, жоғары білім алып береді. Осылайша бақытқа толы ерлі-зайыптылар өмірі басталады. Кеңес үкіметі заманында жоғары білімді азаматтар партия қайда жіберсе, сонда барып еңбек ететін. Апа жиырма екі жыл ерімен отасқанда, талай жердің дәмін татты. Қайнағасы Қозыкен Айсауытов Албарбөгетте директор, ері сол совхозда зоотехник болып еңбек етіп жүргенде кенеттен ауырып, бас-аяғы жиырма шақты күнде өмірден озады. Одан кейін елге көшіп келеді де, Новонежин астық қоймасына жұмысқа тұрады. Ол мекемеде ұзақ жылдар бойы еңбек етеді. Ауыр жұмыс болса да, бәріне де көнді. Абыройсыз да болған жоқ, оған дәлел — алған марапаттары бір төбе және «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

Асылханы да ер жетіп, жоғары милиция мектебін бітіріп, Әулиекөлде милицияда тергеу бөлімінде қызмет атқарады. Үйленіп, үй болады. Көз қуаныштары Сәкен, Самат, Азамат, егіздері Дархан мен Ақбота өмірге келеді. Амал нешік, пешенеге жазылған бұйырмыстан кім жалтарған? Ел қатарлы еңбек етіп, қатарға қосылып, жалғыз ұлының тілеуін тілеп отырғанда, ойда-жоқта Асылханы жол апатынан қаза болады. Осылайша бір күнде бес балаға өзі әке де, шеше де болады. Жылап жүріп, немерелерін ержеткізді. Немерелеріне жоғары білім әперді, мамандықтары полиция қызметкері, юрист және экономист. «Орнында бар оңалар» деген, Құдайға шүкір, балалары ержетті. «Жақсы әке — балаға қырық жыл азық деген», әкесінің жұмыс орны, достары ұмытпайды, келіп тұрады. Апаның жанын жасытқан бір жағдай, азамат болып қалған тұңғыш немересі Сәкені де әкесі сияқты жол апатынан көз жұмады. Немересінің бірге оқыған, қызмет еткен достары әжесімен хабарласып тұратынын да айтты. Әңгімелескен сайын еске бәрі түседі ғой. Енесі өте жақсы адам болғанын, елу екі жыл бір шаңырақ астында, бір сөзге келместен тұрғандарын, 97 жасында арулап өзі жөнелткенін есіне алды. Жаратылысынан ашық жарқын жан Докучаевкада тұрғанда еңбектен қол үзбей жүріп Қостанай мәдени-ағарту училищесін бітіріп алған. Сол ауданда, Калининде ауыл клубының меңгерушісі болып қызмет еткен жылдарын, сол кездегі мәдениет бөлімін басқарған Владимир Бузды да еске алып, жыр ғып айтып, бір жасап қалды.

«Қазақтың өркенің жайылсын» деген дана сөзі немере-шөбере ғой. Шөберенің қолынан су ішкен жұмаққа барады дейді халық даналығы. Қиындықты да, қуанышты да бір кісідей көтере білген мейірбанды әже бүгінде Иман, Имран, Алиса, Сүлеймен, Ерсұлтан, Ясмина атты  шөберелерінің қолынан су ішіп, мәз-мейрам. Немере ұлы мен келіні Азамат пен Жанат әжелерін мәпелеп бағып-қағып отыр. Біз әңгімелесіп отырғанда шөбересі Сүлеймен ұлы әжесін айналшықтап қасына келе берді. Оны көрген сайын апа айналып-толғанып, иіскеп, мауқын басады. Осылай отырды да, биыл мен шөберем Сүлеймен 1 сыныпқа, бес немерем де білім алған Сұлтан Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияға бердім деді мақтаныш сезімімен.

“Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды”, — деген Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, көзінен мейірім сәулесі төгілген жылы жүзді Күнсара Жанахметқызының бар қызығы балалары мен немерелерінің амандығы. Біз де қарияға Алла тағала қуат берсін, үрім-бұтағы аман болсын дегеннен басқа алып қосарымыз жоқ.

Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА

Суретте: Күнсара Жанахметқызы шөбересі Сүлейменмен.

Суретті түсірген автор

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика