Общество

Бар еңбегін туған жеріне арнаған

0

Дүние жүзі халықтарында өз елін, жерін, Отанын сүюге бағытталған саяси-идеологиялық мысалдарды көп кездестіруге болады. Мәселен, голландықтар өз еліне келген саяхатшылардың аяқ-киімдерінен топырақтарын қағып алып қалады екен. Оны өзге елге топырағыңды беруге болмайды деп түсіндіріледі. Қытайлықтар қытайдың баласы қай жерді аяғымен басса, сол — Қытай елі деп түсінік береді. Неміс патриотизмінің өсиетінде ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ол азаматтарының мүдделерімен есептесу, шетелдің тауарларын сатып алғанда, өз еліңе зиян келтіретініңді ұмытпау, сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуін ойлау, дастарқанға шетелдің етін, майын қоймау, себебі ол неміс ет өндірісі мен отандық мал шаруашылығына зиян келтіретінін ойлау деп түсіндіріледі.

Ал қазақ патриотизмі қандай болмақ?  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жерге деген сүйіспеншіліктің басты тетіктері айтылады. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріне, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі.  Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», — деп айтылған.

Қазақ халқы еңбектің қадірін, еңбек еткен адамның үлкен жетістікке жететінін білген және соны ұрпағына ұғындырып, сәт сайын санасына сіңіріп отырған. Кәсібін шын жүректен сүйген жан ғана сол кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, оның биік шыңына жетері сөзсіз. Кәсібін сүйген сондай жандардың бірі — жарты ғасырға жуық ауылшаруашылық саласында еңбек еткен Омаров Хасен Ғилымханұлы. Еңбек жолын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап туған ауылынан ешқайда ұзаған жоқ, бар еңбегін туған жері Диев ауылына арнады.

Х.Омаров 1954 жылдың 28 қазанында Мырзакөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Ғилымхан Омарұлы елге сыйлы азамат болған. Ол «Диев» совхозының бірінші директоры Абзулинов Игілік Сейітұлымен бірге совхоз құруға атсалысқан. Шешесі Күнсұлу Төлшібайқызы он баланың аяулы анасы. Хасен ағай еңбек жолын 1971 жылы ауылдағы құрылыс учаскесінде жай ғана қарапайым жұмысшыдан бастаған еді. Ауылда өсіп, мал өсірудің қыр-сырына қаныққан жігіт келесі жылы Қостанай ауылшаруашылық техникумының ветеринария факультетіне түседі. Бірінші курсты бітіргеннен кейін Кеңес Одағының Қарулы Күштеріне алынады. Хасен 1975 жылдың мамыр айында Отан алдындағы әскери борышын өтеп, елге оралысымен оқуын жалғастырады. Хасенмен бірге Қарабалық ауданынан келген Гульяр есімді бойжеткенге ағамыз бір көргеннен ғашық болады. Көп сөзге жоқ, мінезі жақсы жігітті қыз да ұнатады. Сөйтіп, Диев ауылында практикада жүргенде көңілдері жарасқан екі жас 1977 жылдың 7  шілдесінде үйленіп, ел қатарлы үй болады.

1978 жылы Хасен Омаров оқуды аяқтап, туған жеріне оралады. Сол жылдары «Диев» совхозын басқарған Колос Михаил Сергеевич жас маманға сенімділік көрсетіп, совхоздың № 3 бөлімшесіне мал дәрігері етіп тағайындайды. Хасенге ұстаз ретінде тәлім-тәрбие берген Штауберт Траунгольт Христианович туралы айтпай кетуге болмайды. 1984 жылы Хасен Ғилымханұлы  № 1 бөлімшесіне аға мал дәрігері  болып ауысады. Мал шаруашылығындағы тынымсыз еңбек, ауа райының ыстық-суығына қарамастан жүргенін, осы талапты маманның жұмысқа құштарлығын байқаған совхоз әкімшілігі білімін әрі қарай жалғастыру керектігі туралы кеңесін құп алған Х.Омаров Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітіреді. Көп жылдар бойы онымен бірге Сағидолла Абуталипов, Мереке Дүзелбаев, Боранбай Бектұрганов, Қорғаш Есқатов, Әлібек Дощанов, Төлеухан  Барақатов, Самат Барсақбаев атты азаматтар қызмет етті. Бұл қиын да қажырлы төзімділікті талап ететін еңбек жолында 1978 жылдан бірге бастаған  Валентина Носкова (Нагель) қазіргі уақытта «Диев» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мал дәрігері болып қызмет атқаруда. Өмір жолдасы  Гульяр  да ерімен бірге мал шаруашылығында қажырлы еңбек етіп, 2016 жылы зейнеткерлікке шықты.

90-шы жылдардан бастап совхоздың бас мал дәрігері Қойбағаров Амангелді Жұмақанұлымен әріптес болып жүріп, екеуі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген ветеринарлық-диагностикалық зерттеулер жүргізді. Өмірі еңбекпен өрнектелген Хасен ағайдың туған жерге қосқан үлесі ескерусіз қалған емес. Көптеген Мақтау қағаздармен, төс белгілермен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Хасен Ғилымханұлы ауылшаруашылығы жұмыстарымен ғана айналысқан жоқ, қоғамдық негізде атқарылатын істердің бел ортасында жүрді. Өткен ғасырдың 80-шы жылдары Диев ауылдық кеңесінің депутаты, Тәуелсіз Қазақстан кезінде де сайлау комиссияларының мүшесі болды. 2005 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

1999 жылы Хасен ағай Диев ауыл округінің мал дәрігері инспекторы болып тағайындалып,  әлі күнге дейін бір мамандық бойынша табандылықпен еңбек етіп келеді. Жерлестері оны сыйлап, құрметтеп жүреді.

Отбасында Гульяр жеңгеміз екеуі 40 жыл бойы бірге қол ұстасып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отыр.

Омаров Хасен Ғилымханұлын 63  жасқа толуына байланысты өз отбасымның атынан және Диев ауылының тұрғындарының атынан зор денсаулық, мол бақыт, отбасына береке-байлық тілейміз.

Ерболсын АБДРАХМАНОВ,

Диев ОМ тарих пәні мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика