Культура, Общество

Құрылыс қарқынды жүргізілуде

0 1

Алланың жердегі үйі бірлік, татулық, руханият қайнары. Әмит ишан атындағы мешіт 1991 жылы ауданның сол кездегі басшысы марқұм Қ.Тұрғынбаевтың бастамасымен облыста бірінші болып ашылды. Міне, ол 26 жылдан бері елде имандылықтың дәнін сеуіп келеді.

Мешітке жамағаттың көптеп келуінен, осыдан тоғыз жыл бұрын сол мешіттің жанынан жаңа мешіттің құрылысы басталған болатын. Оған мекеме, ЖШС мен шаруа қожалықтары басшылары, жеке кәсіпкерлер, қарапайым халық болып қаржылай үлестерін қосты. Жиналған қаражатқа жаңа мешіттің іргетасы мен төменгі жертөле қабаты салынды. Содан кейінгі жылдары ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылысы тоқтап қалған болатын.

Міне, жаз бойы 400 адамға есептелген жаңа мешіттің құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Қазірдің өзінде ақшаңқан ғимараты алыстан мен мұндалайды.

Бүгінгі күнге қандай жұмыс көлемі атқарылғаны туралы білу үшін Әмит ишан атындағы мешіттің бас имамы Нұрбол қажы Балахметовты сөзге тарттық.

Мешіттің құрылысымен жеке кәсіпкер Қапез Жакыповтың прораб Еркебұлан Әміров бастаған бригадасы айналысады. Бүгінде үш адам кіре берісті кірпішпен қаласа, екеуі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері қабырғалары көтерілді. Бас имам Нұрбол қажы Балахметов, мәслихат хатшысы Дәулет Қойшыбаев, Еркебұлан Әміровпен Челябіге барып 3 млн теңгеге күмбез жасайтын бір КамАЗ темірді алып әкелді. Күмбездің жан-жағына қоятын бір КамАЗ бөренелерді Қайрат Омаров тегін берді.

Ендігі мақсат -1 қарашаға дейін күмбезді көтеріп орнату, қар түскенше аязға дейін төбені жауып, терезелерін салып, ылғал кірмес үшін есігін жауып қою.

Мешіттің құрылысына қосымша қаражат жинау үшін арнайы есеп шот та ашылып, Алла үйінің құрылысына бей-жай қарай алмай, Алланың разылығын аламын деп мешітке келушілер өз еріктерімен келіп қол ұштарын беруде.

-Алла қаласа жаңа мешіт 2018 жылы ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай ашылады деген үміттеміз. Қолдау көрсеткені үшін аудан әкімі Ж.Таукенов, мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлерге, зейнеткерлерге, мешіт жамағатына, жалпы барлық қайырымды жандарға шексіз алғысымды айтамын.

Тағы бір айтарым, мешітке 80 пластикалық қоңыр терезе салу үшін қомақты қаражат керек. Жақында, аудан орталығындағы жеке нотариустар Көшербай Жаппасов, Ботагөз Балахметова, Сәуле Ақдәулетова, Салтанат Төлеубаевалар  сауапты істі бастап, қосылып бір терезеге қаражат жинап берді.

Қымбатты жерлестерім, көп түкірсе — көл деген, көп болып жұмылсақ, аяз түскенше терезелер тезірек салынар еді,  —  дейді Нұрбол қажы Исламұлы.

Құрылысшылар мешіттің бір бөлмесінде тұрып, демалыссыз жұмыс істейді. Оларға Гүлжаухар Бейісова тамақ пісіреді.

Халық болып жұмылса бітпейтін іс жоқ, бастаған істің берекесін берсін деп тілейік. Мешіттің құрылысы бітіп, жамағат болып басқосуға Алла тағала нәсіп етсін. Мұсылман қауымның бірлігі тірлікке ұласып, тыныштықта, бас аман-саулықта жамағат болып  жиналуға аман жеткізсін деп тілейік.

Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика