Культура, Общество

Алаштың Ақ келіні

0 15

Үстіміздегі жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай, 8 қараша Әулиекөл халқы үшін естен кетпес тарихи оқиғаға толы күн болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен тағылымды іс-шараға «Бәдрисафа» экспедициясының, облыстық және Меңдіқара, Ұзынкөл, Қамысты, Әулиекөл аудандарының саясаткер әйелдер және іскер әйелдер ассоциациясының мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын аудан орталығындағы Алаштың біртуар азаматы, аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды. Одан кейінгі мереке аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Ғимараттың ішіне кіргеннен-ақ көзге ортада ілулі тұрған Ахмет Байтұрсынов пен жұбайы Бәдрисафаның үлкен портреті түседі. Ұлт ұстазы қызмет еткен әулиелі Әулиекөлге мұндай құнды дүниені Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Шыңғысұлы мен облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы, педагогика ғылымының докторы Римма Шыңғысқызы Бектұрғановтар сыйға тартты. Бектұрғановтар бұдан бұрын да ҚР еңбегі сіңген суретші Г.Соковқа Бәдрисафа портретін жасатқызып, оны облыстық өлке тану мұражайына табыс еткен болатын. Іс-шараны Р.Бектұрғанова ашып жүргізді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған аудан әкімі Жансұлтан Таукенов ұлт ұстазының ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға екенін айта келіп, Әулиекөл жерінде осындай игі шараның өтуінің өзі келешек ұрпақ үшін орны зор екеніне тоқталды. Аудан басшысынан кейін Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген суретшісі, ҚР Суретшілер қоғамының мүшесі, портреттің авторы Юрий Новоселов, «Бәдрисафа» экспедициясының белсенді мүшесі, А.Байтұрсынов ұрпағы Ибрагим Ағытаев, «Нұр Отан» республикалық саясаткер әйелдер клубының сарапшысы, кәсіпкер Алмагүл Сауденова, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Ғайнижамал Бердалиновалар сөз сөйлеп, Римма Шыңғысқызының жетекші­лігі­мен облыста осыдан сегіз жыл бұрын «Бәдрисафа» экспедициясы құрылғанын, топ мүшелері А.Байтұрсыновтың жұбайымен тұрған Том, Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларына барып, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сирек те құнды дүниелер тапқанын тілге тиек етті. Сол зерттеулерден кейін Б.Байтұрсынованың суреті құрастырылады. Бәдрисафа тағдырының анық-қа­нығын іздестіру жұмыста­ры әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны атап өтілді.

Салтанатты жиыннан кейін М.Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Александр Лиопа қойған екі актілі спектакль алғаш рет Әулиекөл жұртшылығына ұсынылды. «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» атты пьесаны жергілікті журналистер Кабылахат Сейдахмет пен  Людмила Фефелова бірігіп жазды. Сахнада – Аманқарағай орманы. Қол ұстасып сықылықтап күліп қазақ жігіті мен орыс қызы келеді. Ахаң мұғалім болып алғаш еңбек жолын біздің Әулиекөлден бастайды. Осында өмірлік серігі Александра (Бәдрисафа) Иванованы кезіктіреді. Қойылымда Ахаң мұ­сылман дініне өткен Александраға мұсылманша Бәдрисафа атты жаңа есім беріп, некесін Троицк мешітінде қидырады. Бұл араб тілінен аударғанда  «толған ай» деген мағы­наны біл­діреді.  Одан әрі оқиға былайша өрбиді. Ахаң жұбайын Торғай еліне апарады. Жас келін өзінің тәрбиелілігімен және қазақтың салт-дәстүрін сақтап, абысындары арасында Ақ келін атанып, басынан ақ орамалын тастамайды. Ахаңды төрем деп атайды. Ері алашордашы деп қудалауға ұшырап, қамауға алынғаннан кейін оның жары да көп қиыншылық көреді. А.Байтұрсынов атылғаннан кейін Бәдрисафа Қостанайға келіп, күйеуінің туыстарын паналайды. Қанша қиын­дық көрсе де  Ахаңа деген махаббатын адал сақтаған Ақ келін жүйке ауруларына арналған интернатта көз жұмады. Спектакль барысында экран арқылы сол кездегі дауылды жылдардың хроникасы да көрсетіледі. Және ара-арасында әртістер қазақ тілінде де сөйлейді. Бәдрисафа рөлін (Александра) Юлия Кудряшова, ал Ахмет Байтұрсыновты — Құдайберген Айдосов асқан шеберлікпен сомдады. Қойылымның шынайы шыққаны сондай, залда отырған көрермен көзіне жас алып, сол қиын шақты көз алдарына алып келген театр әртістерінің шеберліктеріне риза болды.

Фойеде «Алаш арманы – тәуелсіз қазақ елі» (аудандық кітапхана), «Ұлт көсемі» (Шоқан Уәлиханов атындағы ОМ) атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Портреттің авторы Ю.Новоселов мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өз туындысы мен кітабын сыйға тарту етті.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Суреттерді түсірген автор

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика