Общество

Жаңа мектеп — жарқын болашақ

0 12

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірлігі мен берекесі, ынтымағы жарасқан Көктал ауылында екі қабатты сәулеті мен мұндалап көз тартар келбеті келіскен 60 орындық жаңа орта мектебі есігін айқара ашты.

Жаңа мектеп — жарқын болашақ кепілі, ауыл халқы, жалпы ұстаздар мен оқушылар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Бұл шалғай ауыл үшін өте мәнді де маңызды оқиға. Өйткені, мектебі бар ауылдың болашағы бар екені сөзсіз. Мұндай ұмытылмас тарихи оқиғаның куәсі болу үшін алыс-жақыннан осы елдің бұрынғы тұрғындары, ел ағалары келді. Мектеп алды салтанатқа сай шарлармен безендірілген. Көптен күткен жүрек толқытар сәт те келіп жетті.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, аудан әкімі Жансұлтан Таукенов, облыстық білім бөлімі басқармасының басшысы Бәтима Даумова, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, ЖШС және шаруа қожалығы басшылары, ауданның Құрметті азаматтары, ел ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері қатысты. Еліміздің әнұраны  орындалды.

-Міне, бүгін Тұңғыш Президент күні қарсаңында сіздер үлкен қуанышқа кенеліп отырсыздар.  Қазіргі таңда  «Рухани жаңғыру»      бағдарламасы аясында республикада ауқымды істер атқарылып жатыр, соның бірі — бүгінгі білім ордасының ашылуы. Елбасы Н.Назарбаев «Өскелең ұрпақ заман талабына сай сапалы білім алуы үшін барлық тиісті жағдай туғызылуы керек» деген болатын. Міне, бұл Елбасының тапсырмасын орындау аясында оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін жағдай жасалып отыр. Осындай жаңа үлгідегі сәулетті, білім нәрімен сусындауға қажетті құрал-жабдықтың бәрімен қамтылған жаңа білім ордасының ашылуы ерекше жайт.

Көктал орта мектебінің түлектері үш жылда  ұлттық бірыңғай тестілеуде, зияткерлік  байқауларда  жоғары нәтижелер көрсетіп, алдыңғы қатарда болуы, бұл әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер деген ұстанымды ұстанатынының бір дәлелі. Бұдан былай да мектеп түлектерінің ҰБТ-ден жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетініне өз басым сенімдімін. Және де бұл білім ордасы еліміздің нағыз патриоттарын тәрбиелеуге өз үлесін қосады деген үміттемін. Ұстаздардың еңбегі жемісті болып, білім беру саласында тың ізденістер мен шығармашылық табыстарға жете берсін. Еңсесі биік білім ордасы халыққа қуаныш сыйласын, — деді құттықтау тілегінде облыс әкімі А.Мұхамбетов. Архимед Бегежанұлы көкталдықтарды ауыл жолын жөндеуге келер жылы қаражат қарастыратын боламыз деген қуанышты сөзімен қуантты.

Облыс басшысынан кейін сөз алған ауданның Құрметті азаматы Әкімбек қажы Қабден жаңа мектеп ғимаратының пайдалануға берілуі, сөз жоқ, мемлекеттің өз перзенттеріне жасап отырған айрықша қамқорлығы екенін және білім ордасының мәртебесі өсіп, білімді шәкірттері көп болып, әрқашан шарықтай берсін деді. Шашу шашылып, жаңа мектеп есігін айқара ашты.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мектеп ішін аралады. Мектеп директоры Күлмай Нажиқанова жеткен жетістіктерімен таныстырды. Кішкентай бүлдіршіндер тақылдатып Елбасы, мектебі туралы тақпақ оқыды. Облыс басшысы спорт зал, бастауыш сынып, шағын орталық, акт залын, асхана ішін аралады. Алтын белгіге үміткер Рузанна Таипова заманауи үлгідегі жаңа мектеп салып бергені үшін облыс басшысына зор алғысын білдіріп, болашақта мектебіміздің даңқын асыратын шәкірті боламыз деп сендірді. Үстіміздегі жылы шаруа қожалығы басшысы Ғ.Хасеновтың демеушілігімен ашылған «Роботты техника» үйірмесіне ер балалар қызығушылық танытып, үйреніп жүр.

Көктал орта мектебі осыдан екі жыл бұрын апатты жағдайдағы мектептер қатарына енді. Осы мәселені шешу мақсатында бірлескен үлкен жұмыс көлемі атқарылды. Елдің бетке ұстар азаматтары, жеке шаруа қожалығының басшылары Ғиният Хасенов пен Темірхан Оспанов жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 5 млн теңге көлемінде қаражат берді. Облыс және аудан әкімдерінің қолдауымен, ауыл әкімі Сартай Қаратаевтың және ел тұрғындарының бірлескен қызметі арқасында жаңа мектеп ашылды. Бүгінде мектепте 105 оқушы екі ауысымда оқиды, шағын орталықта 27 сәби тәрбиеленуде. 1 сыныпта он екі бүлдіршін, 11 сыныпта он бір түлек оқиды.

Көктал халқының Тұңғыш Президент күні қарсаңында көптен күткен тілектерінің орындалып, ұмытылмас сыйлық тарту алғаны  үшін Елбасына, облыс әкіміне, аудан басшысына алғысы шексіз.

Облыс басшысы А.Мұхамбетов бұдан кейін Аманқарағай ауылында салынып жатқан бидайды тереңдете өңдеу цехының құрылыс барысымен танысты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ашылған «AGRO-BIO-AULIEKOL» ЖШС директоры А.Көмекова бидай астығын тереңдете қайта өңдеу бойынша биотехнологиялық кешеннің жұмысы туралы әңгімеледі.

Жұмакүл  СЫЗДЫҚОВА

Суреттерді түсірген Жанат БАЙДІЛДИНОВА

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика