Общество

Өмірі өнегелі қария

0 6

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».

 Н.НАЗАРБАЕВ,

 «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар»

Ауыл — қазақтың негiзгi күре тамыры, салт-дәстүр мен мәдениетiмiздiң сарқылмас мол қоры. Ал, сол ауылдардағы «жазулы хаттар» — өнегелі қарттар. Сондықтан, кейінгі буынға алдыңғы толқын ағалардың атқарған еңбегін айтып, үлгі-өнеге бергеннің артықтығы болмас.

Бүгінгі мақаламызға  арқау болғалы отырған Қарақалпақ  ауылының сыйлы ақсақалы, көптi көрген көнекөз, тың ардагері Ж.Тұңқұлов. Жаратылысынан жаңалыққа жаны құмар жанның  «Әулиекөл» газетімен тығыз байланыста болғанына да он-он бес жылдың шамасы болған шығар. Аудандық газеттің тұрақты оқырманы. Аптап ыстық, ызғарлы қыс демей, аудан орталығына жолы түсе қалса, газет редакциясына бас сұқпай кетпейді. Тіпті, бірнеше рет газет бетінде ауыл адамдары туралы мақалалары да, өлеңі де жарияланды.

Жақында іссапармен Қазанбасы ауылдық округіне жолымыз түсті. Қарақалпақ ауылы жолда, үлкен қарияға арнайы барып сәлем бердік. Жұмаш ақсақал теледидарды бар дауысына қойып жаңалықты тыңдап отыр екен. Амандасып болған соң: «Ағай, Сіз туралы газетке мақала жазайын», — деп едім дегенімде, «Ә, солай ма?» — деп қуанып қалды. Мен қағаз-қаламымды алғанша, кеше (яғни, 15 қараша күні) 89 жасқа толып, тоқсанға аяқ бастым деп қария әңгімесін бастап та кетті.

Жұмаш Тұңқұлұлы Қарақалпақтың тумасы, табан аудармастан осы қасиетті мекенде тұрып келеді. Руы орта жүздің ішінде естек. Жеті кластық білімі бар. 17 жасында әкесі қайтыс болып, еңбекке ерте араласады. Ертеде Қарақалпақ, Кеңшалғын, Қарақамыс, Софьевка  колхоздарына бір сельсовет болды. Ер азаматтың бәрі Отан қорғауға аттанғанда,  елде жалғыз Жұмаш қана қалады. Соғыс біткен соң, әйелдер күйеуге шығып кетеді де, екі тракторға өзі ие болып, мақтаулы тракторист атанады.

Жас жігіт Отан алдындағы борышын үш жыл сегіз ай өтеп туған ауылына оралып, жұмысқа жастық жігермен құлшына кіріседі. Ал 1956 жылы қайтадан әскер қатарына шақыртылып, Каспий теңізінің ортасында орналасқан аралда төрт ай қызмет атқарып келеді. «Каспий теңізі күндіз тып-тыныш, ал түнде толқыны өзінен-өзі салдыр-күлдір болып көтеріледі. Палаткада жатамыз, жан-жағына траншея қазылған. Ол не үшін керек екенін алғашында түсінбедік. Таңертең оянсақ, сол палатка үстімізде жатады. Егер ор қазылмаса, бізге қауіп төнеді екен. Сол аралда жатып талай оқиғалардың куәсі болдық. Бір-екі маңыздысын айтайын, бірде бізге далаға шығыңдар деді. Аспанға қарап тұрдық, Үндістанның бірінші премьер-министрі Джавахарлал Неру он бес самолетпен өтті. Тағы бірде су астынан шыққан қайықты қарадық. Алдымен су бетіне антеннасы, содан кейін шопандарда болатын домалақ будка сияқты, алды-арты бірдей сүйірлеу қайық шықты. Бір сағаттай тұрып төмен түсіп кетті», — деп қария сол аралда басынан өткен оқиғасын таспен басқандай ғып айтып берді.

Аман-сау  борышын өтеп келген жігітті райком шақыртып, тракторшы бол дейді. Сол кезде ауылда бес-алты жыл басқарма болған марқұм Оспан Беркімбаев (Тимофеев ауылында рабкооп төрағасы болып қызмет етті) ағаны шақыртып алып, бізге өз кадрымыз керек, келген орыстардың ішінде тракторшы жетеді, шопырлыққа оқисың дейді. 500 сом ақша төлеймін, үйіңе екі центр бидай беріп тұрамын деп қалаға төрт айға жібереді. Оқып келіп, үш жыл шопыр болып еңбек етеді. Бұл елімізге тың игерушілер келіп жатқан 1954 жыл болатын. Бірақ та, ақсақал басқа тың еңбеккерлері сияқты льгот алмайтынын, оған себеп, тың игерген жылдары  басқа жақтан келген жоқ, осы ауылдың тұрғынысың деген түсінік берген.

Жұмаш ақсақалдың қолында анасы, інісі және қарындасы болды. «Әскерде жүргенде 399 сом ақша алып тұрдым, ал Ростов қаласының кассасындағы 8 мың сом ақшамдыы алып, үйлендім» деп еске алады. Әскерге кетпей тұрып-ақ болашақ жарымен жеңгелері арқылы сөйлесіп жүрген. Осылайша, әуелден көңіл жарастығы болып, 1953 жылы Кондратьев ауылынан Дәметкен Атымтайқызымен қосылған. Ерлі-зайыптылар өмірге жеті ұл-қыз әкеледі. Өкініштісі, жұбайы бұл өмірден ерте озады.

Ж.Тұңқұловтың екінші жұмыс орны туралы айтар болсақ, 27 жыл теміржолшы болып Еңбек Ері Балғабай Мырзахметовтың қарамағында абыройлы еңбек етеді. Ал 1988 жылы 120 соммен зейнетке шығады. Ауданда алғашқы болып «Жигули» жеңіл көлігін қалай алғанын жыр ғып әңгімеледі. Міне, қырық үш жылдан бері машинасы әлі істен шықпаған, оны бүгінде баласы мініп жүр.

Көзі қарақты қария қай уақытта да елдің жаңалықтарына құлақ түріп, қоғамда болып жатқан өзгерістерді назардан тыс қалдырмайды. Ертеректе «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарын, облыстық және аудандық газеттерді жаздыртып оқыды. Әлі күнге дейін газет оқуды тастаған емес. Үйінде өзі сатып алып оқыған әдеби кітаптарын кітапханаға тапсырмақшы.

Құдайдың берген қуаты болар, тың, санасы сергек. Өткен күндер естелігі көкірегінде сайрап тұрған ардагер бүгінгі бейбіт заман мен тоқшылық өмірге тәуба етеді. Құдайға шүкір, немере-шөберелері бар. Жақында немересін ұзатып, қуанышқа кенелді.

Мұндай қазыналы қариямен сөйлесудің өзі бір ғанибет. Елдің өркендеуі жолында сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оған куә – омырауындағы «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің  әр жылғы бірнеше мерекелік медальдары, Алғыс хаттары.

Жұмаш Тұңқұлұлының өткен өмір жолдары көз алдынан тізбектеліп өтсе керек, тоқтар емес. Қоштасарда, сен келіп, көп әңгімелесіп, ішімді тарқатып алдым ғой деп рахметін айтты.

Ардақты қарияға Алла тағала қуат беріп, келер жылы 90 жасқа толып, одан жүз жасқа аман-есен жетсін деген тілегімізді білдіреміз.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА    Суретті түсірген автор

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика