Общество

Жаңа жыл түніндегі ұмытылмас саяхат

0 6

Жаңа жыл мерекесі — балалық шақтың жарқын естеліктерін еске түсіріп, айрықша шаттыққа бөлейді. Бұл күні бала біткен мәз-мейрам болып, ересектер «ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын» деген тілектермен реніштерін ұмытып, татуластық және бауырластық салтанаты үстем құрып жатады.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша желтоқсан айының соңғы күндері аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы «Береке» шатханасында өтті. Оған аудан көлеміндегі мектептердің аз қамтылған отбасынан жүз бала қатысты.
Ғимараттың есігін ашқаннан-ақ құдды бір ертегілер әлеміне тап болғандай әсерде боласың. Өйткені, мұнда барлық ертегі кейіпкерлері жүр. Жүздері бал-бұл жанған, мәз-мейрам болған балаларды көргенде еріксіз қуанышты сәттің куәсі боласың. Жарқыраған ойыншықтар мен моншақтарға оранып сахна төрінде тұрған жасыл шырша мен тәтті дәмге толы мерекелік дастарқан балалардың көңіл-күйін одан әрі көтере түсті.
Жаңа жылдық мерекемен құттықтауға келген аудан әкімі Ж.Таукенов бар бала атаулының Жаңа жылды ерекше үмітпен және арманмен күтетіні рас деді. Сол армандарың орындалсын, болашақта еліміздің мақтанышы болыңдар деген ақ тілегін білдірді.
Мереке басталып ортаға шыққан өнер мектебінің ұстаздары мен өнерпаз оқушылары ән салып, би билеп мерекенің көрігін қыздырды. «Жаңа жыл түніндегі ұмытылмас саяхат» атты сахналанған көріністе — танымал ертегі кейіпкерлерінің маскарадтық киімдерін киген Аққала, басқа планеталық адам, Мыстан кемпір, Ақылды саңырауқұлақ, мультфильм кейіпкерлері және өтіп бара жатқан Тауық жылы, оның ізін ала келе жатқан Ит жылы да қонаққа келді.
Шыршаны көріп, Аяз Атаны келтірмес үшін Мыстан кемпір өзінің құйтырқы әрекеттерімен кедергі келтіріп, бәрін алдағысы келді. Көңілді ойындар ойнатылды, жұмбақ жасырылды. Сиқыршы келіп, неше түрлі сиқыр көрсетіп, балаларды таң-тамаша қалдырды.
Аудан әкімі дайындаған жаңа жылдық сыйлықты алған балалардың қуанышты жүзін көрудің өзі бір ғанибет. Осындай әдемі кеште балалар әдемі қиял әлеміне сапар шекті.
Жаңа жылдық шырша жағылды. Аяз Ата мен Ақшақар қызбен және өздерінің сүйікті ертегі кейіпкерлерімен бірге хоровод айтып, қуаныш пен мерекелік көңіл-күйге бөленді. Кішкентай балақайлар ертегіге сенеді, жаңа жылда арман-тілектері орындалады деп ойлайды. Балалар Аяз атаға таласа-тармаса тақпақ айтып, шатхана ішін ерекше думанға бөледі. Осындай ұмытылмас көрініс балаларды жаңа жылдық шабытқа бөлеп, жүректерін тебірентті. Қайталанбас ерекше күн олардың есінде көпке дейін сақталып қалатыны анық.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА
Суретті түсірген автор

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика