Общество

Әйдеркенің бір баласы Өтеміс

0 22

“Өткенді еске алған өскендіктің белгісі” деген ұлағатты қағиданы ұстанған бүгінгі ұрпақ ата-бабасын еске алып, басына белгі орнатып, ас беруді дәстүрге айналдырды. Жақында Әулиекөлде тағы бір осындай сауабы мол іс-шара өтті.

Сұлукөлдің төрінде Әйдерке баласы Өтеміс бабаға мәрмәр тастан ескерткіш орнатылды. Осыдан тоғыз жыл бұрын Әйдеркенің кенже баласы қара шаңырақ иесі Татан бабаға, осыдан бір жыл бұрын Бөдене бабаға ескерткіш қойылған болатын. Енді екі інісінің жанына ағасы келіп жайғасты. Бұл тек осы рудың ғана емес, Әйдеркенің Жылқайдар, Кәдірімбет, Ожан, Өтеміс, Бөдене және Татан секілді алты баласының ұрпақтары басын қосқан мәжіліске айналды.

Өтеміс бабаға арналған ескерткішті ашу құрметіне осы рудың үлкен ақсақалы Ғазез Үдербаев, Базаралы Молдабеков, Темірлан Атымтаев пен Алтынбек Сеитов ие болды. Осы руға күйеу Кенжетай Сәндібекұлы құран бағыштады. Бірін-бірі көптен бері көрмеген туыс-туғандар сағынышпен  кездесіп, қуаныштан төбелері көкке жеткендей болды. Салтанатты рәсімнің жалғасы «Жас дәурен» асханасында жалғасты.

  • Ежелден шежіреге тартып, шыққан тегімізді танып өскен, ата-бабаға үлкен құрмет көрсеткен халықпыз. Өтеміс бабамыздың тарихына үңілетін болсақ, 1800 жылы Торғай елінен отыз шақты отбасы Жолқұдық деген жерге келіп қоныстанған. Ақсақалдардың айтуы бойынша, бір әжеміз сырқаттанып сол жерде дүние салған екен. Жері мен суын ұнатып, осы жерде бір ауыл болып тұрып қалады, — деп бастады асты жүргізуші Марат Жолдыбайұлы.

Бүгінде 140-қа жақын Өтеміс отбасы бар екен. Үлкені Ғазез Үдербаев. Тарихта өшпес аты қалған Өтемістер аз емес. Байсүгірұлы Садық ата Түркістанға үш рет жаяу барған. Өтебайұлы Қали ашаршылық жылы сауда-саттық жасап, қиын заманда халқына қол ұшын берген бір туар тұлға. Өтеміс ұрпақтары Ұлы Отан соғысы жылдары туған елін жаудан қорғауға қатысты, майдан даласында қалғандары да бар. Қиын-қыстау заманда жеті баланы интернатқа жатқызып, оқуына көмектескен. Үш Социалистік Еңбек Ері шықты, жеті-сегіз еңбек ері ВДНХ көрмесіне барып, сыйлыққа машина алды. Өтеміс ағайынның басын қосып, жетім-жесірге көмек көрсеткен Беспайұлы Болтай ата мен ұлағатты ұстаз Құлпейісов Асқар атаны ерекше атап өткен жөн болар. Қаспақбайұлы Закария, Мақатұлы Байділда, Мақатұлы Шайкен, Ахметұлы Кентай, Омарұлы Жұмағали, Нұрышұлы Маужар колхоз басқармасының орынбасары болып еңбек еткен. «Сұлукөл» асыл тұқымды мал зауытына сүбелі еңбегін қосып, жоғары жетістіктерге жеткен ел ағалары Досжанұлы Қартайған аға шопан, Тоқтамысұлы Кенжебек агроном, Оразбайұлы Асқар тракторшы, Тұрмағамбетұлы Сейілхан аға шопан, Диевтен Қадірұлы Қаратай, Қайранұлы Подхиден ағалар маңдай терін төгіп, адал да абыройлы еңбектің үлгісін көрсетті.

Өтемістің ұл-қыздары Болтайқызы Сара отыз жылдай педагогикалық институтта оқытушы, Аманжолұлы Асан әскери маман, подполковник, Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Гүлмира Келдібайқызы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Алтын  Құлпейісовалар  биіктен көрініп жүрген ру мақтанышы.

Ақ дастарқан басында сөз сөйлеушілер «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әркез ата-бабаны еске алып, рухына құран бағыштау басты парыз болып саналатынын атап өтті. Еліміз тәуелсіз ел атанып, өткенімізге үңілуге, тарихымызды түгендеуге жол ашты, рухани жаңғыру деген осы шығар және осындай тағылымы мол бас қосудың үлкен тәрбиелік мәні зор екенін тоқталды. Сол күні қардың жауғанын Алланың нұры жауды деп қуанды. Асқа арнайы келген көкшелік ақын, осы руға күйеу Арман Бердалин қадірі қаратаудай, әкеге, атаға құрмет дәстүрімен өткізіліп отырған үлкен іс-шара көрегендік пен тектіліктеріңізді көрсетеді, сауаптан болсын деп тебірене сөз сөйлеп, айтыскер ақын Айбек Қалиевтың арнайы шығарған арнауын оқыды.

Өтеміс бабаға ескерткіш орнатып, дұға бағыштап, ас беруді көптен армандап жүрген Ғазез Үдербайұлын інілері Жамбыл Құлпейісов, Ибрай Құлпейісов, Марат Нұрышевтер қостады. Ұйымдастырушылар ұйымшылдықты асқақтату, артымыздан еріп келе жатқан жас ұрпаққа насихат екенін, құдайым, бірліктен айырмасын, бірлік болса, тірлік болады деген жүрекжарды тілектерін білдірді. Қадірлі қонақтардың иығына шапан жапты. Осындай игі іске бел буған ел азаматтары  көпшіліктің алғыс-батасын алды. Асқа берілген бата, оқылған дұғаны Алла тағала қабыл етсін, сауаптан болсын.

Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА

Суреттерді түсірген Маралбек НЫҒМЕТЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика