Общество

Адамзаттың абзалын ардақтаған мейрам

0 7

Әлемге Ислам тәрізді ізгілік дінін алып келген Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүние есігін ашқан айда елді имандылыққа ұйытатын шаралар өткізу ауданымызда  игі дәстүрге айналды. 

Хақ дінімізді ұлықтаған салтанатты жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілі, облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет, аудан әкімі Жансұлтан Таукенов, ауданның мекеме, ЖШС және шаруа қожалығы басшылары, Науырзым аудандық Түркебай ата мешітінің бас имамы Нұрлан Сыздықов, ауыл имамдары, әкімдер, барлық елді мекендерден ақсақалды қариялар, ақ жаулықты аналар, халық – бәрі бір кісідей Мұхаммед (с.ғ.с)-ның дүниеге келген Мәуліт күнінде Оның үмметі болғандарына шүкір етіп, сүйікті Нәбиіне салауат айту үшін жиналды.

Имандылық іс-шара «Нұр Астана» медресесінің 2 курс студенті Нұрхан Бақыткереевтің құран оқуымен басталды.

Алғы сөзді алған аудан әкімі Жансұлтан Таукенов: «Мұхаммед (с.ғ.с.)  Пайғамбарды қастерлеп, құрметтейтін мүбәрак құтты болсын. Мақсатымыз – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың іс-әрекетін насихаттап, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге шақыру. Баталы үлкендер, жігерлі жастар, өскелең ұрпақ дәстүрлі дінімізді құрметпен насихаттасын. Біз көпұлтты мемлекетпіз, сондықтан да бір-бірмізді қадірлеп, жүзіміз жарқын болып, көңіліміз тасып, бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз аса берсін. Қасиетті жерімізде салынып жатқан мешіт аяқталып, аяғы үлкен тойға ұлассын. Жақсы күндерде кездесейік», — деген тілегін білдірді. Аудан басшысы Әулиекөл жамағаты атынан халықты бірлікке, бауырмалдық пен адамгершілікке шақырып, үлкен жұмыс жүргізгені үшін облыс имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлына Алғыс хат тапсырды.

Марал ишан мешітінің бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Жаратушыға мақтау, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айтудан бастаған көпшіліктің басып келген қадамдарының сауаптан жазылуына тілектестік білдірді. Исламды әкелу жолында көп қиыншылық көргенін, бірақ, Раббысына адалдығы мен адамзатқа деген сүйіспеншілігінің арқасында жолындағы барлық кедергіні жеңе білгеніне тоқталды. Жаратушының бізге жіберген Елшісінің көркем де кемел сипаты жайлы Құран кітабында да баяндалады. Пайғамбарымыздың ерекше мінез-құлығы, өмірлік ұстанымдары, адами қасиеттері бүгінгі үмметі үшін үлгі-өнегенің көзі. Өкіл имамның тағылымды сөздеріне ризашылық бідірген көпшілік қол соғып қошемет білдіріп отырды.

Әмит ишан мешітінің хатиб имамы Нұрбол қажы Балахмет пен  Спанұлы Аймағанбет мешітінің наиб имамы Әлішер Ертай қажы ұлы Балахмет салауат-мархаба айтты.

— Мәулітке келген қадамдарыңыз сауаптан, Алла разы болсын. Маған жаңа бір ой келді. Өмір деген шынында да бір орында тұрмайды екен. Бәріңіздің естеріңізде шығар, Ертай қажы Исламұлы бізде Мәуліт болғанда ылғи да келіп, уағыз-насихатын айтқаны естеріңізде шығар. Орнында бар оңалар деген, бүгін, міне, ұлы Әлішер келіп, Мәуліт оқыды. Мысалы, адам марқұм болғанда оның амал-дәптерлері жабылады. Тек үш адамның амал-дәптері жабылмайды екен. Бірінші, егер адам осы дүниеде бір жақсы іс жасап, мешіт, медресе, мектеп салып кетсе, соны қанша адам пайдаланса, марқұмға сонша сауап жазылады. Екінші, ғалым жақсы еңбек жазса, соның ілімімен адамдар сусындаса, сонша сауап жазылады. Үшінші, жақсы бала тәрбиелеп оны тура жолға салса, ол бала халыққа, елге адал қызмет етсе, сонша сауап жазылады екен. Ауданда салынып жатқан мешітке қаншама ел азаматтары, тұрғындар қолдарынан келген көмектерін жасап, атсалысып жатыр. Алла тағала оларға разы болсын. Биыл ауданның құрылғанына 90 жылдығына орай мешітіміз бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сол игі іске бір кісідей қол ұштарыңызды беріп, қолдау көрсетіңіздер деп шақырамын,  — деді тебірене сөз алған Әмит ишан атындағы мешттің хатиб имамы Нұрбол қажы Балахмет. Қажы одан әрі биылғы Мәулітті аудан әкімі Ж.Таукеновтің демеушілігімен өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. Ел ағасы Жансұлтан Қоңыртайұлының сауабы мол жомарттық ісіне ел атынан алғыс сезімін білдірді. Қажы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша келер жылғы Мәулітті өткізуді “Қайсар-Агро» ЖШС директоры Абдул-Вагап Митаевтың (Новонежин а/о)  мойнына алғанын қуанышпен жеткізді.

Имандылық иірімдерін дөп басып көрсетуде дініміздің уағызын сахналық көріністер арқылы сомдау – бүгінгі жұртшылықтың жүрегіне жол табудың да ерекше тәсілі екені сөзсіз. Сахнадан «Асыл адам» атты көрініс тамашаланды. Ата (Ерлан Қасымов) мен немересі (Алан Бектеміров) жас көшет отырғызуда. Қария немересіне «Адамзаттың ең асылы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз өз өмірінде  қаншама адамды ертіп, қаншама адамды  тура жолға салып кетті. Өте ақылды кісі, адам баласының бар асыл қасиетін бойына жинаған. Ол кісіні Адамзаттың асыл тәжі деп бекер айтпаған. Біз Пайғамбардың үмбетіміз деп насихат айтады. Осы кезде екі жігіт (Талғат Алғожин мен Науқан Бектеміров) мына бір тамаша жерге завод салуға болады деп әңгімелесіп келеді. Оларды көріп тоқтап, амандасады. Ата оларға атадан балаға мал қалмасын, тал қалсын деп, немереме  ғибрат болсын деп тал егіп жатырмыз дейді. Оның жемісін біз жемесек те, ұрпағымыз жесін дейді. Сол жерде ата екі жасқа нақыл сөз айтады. Қарияның сөзі жігіттердің көңілінен шығып, ақша ұсынады. Үлкен кісі жомарттық танытсаңдар, мына іргеде үлкен мішіт салынып жатыр, бір кірпіш болса да салып, соған үлестеріңді қосыңдар деп жастарды игі іске атсалысуға шақырған өте бір жан тебірентерлік, ойланған, түсінген кісіге үлкен ғибрат алатындай тамаша көрініс болды. Сегіз қырлы, бір сырлы, иманжүзді Ерлан Қасымов нағыз иманды атаның рөлін өте тамаша сомдап, жұртшылықтың жүрегіне ерекше әсер етті.

Екінші  —  «Өмірлік сабақ» атты сахналанған көріністе ортада дастархан жаюлы тұр. Әйелі (Гүлмира Әлиева) күйеуіне (Ерлан Қасымов) тон алып бер деп өтініш айтады. Ері келіседі, бірақ саған тосын сыйым бар дейді. Әйелі шошып, ол не десе, ері: «Кешке қонаққа ата-анам келеді, дайындал», — деп кетіп қалады. Әрине, әйелінің қуанышы су сепкендей басылады. Осының-ақ ата-анасы келе береді екен деп ренжиді. Келіншек өзімен өзі жайбарақат жүріп, досымен ертең тон алуға менімен баршы деп өтініш айтады. Осылайша кеш болып, үйге өзінің әкесі (Науқан Бектеміров), анасы (Әлия Айсенова), інісі (Алан Бектеміров) кіріп келгенде аң-таң болады. Ұзын сөздің қысқасы, күйеуі әйеліне Құранда да жазылған, сенің ата-анаң менің де ата-анам, бұл саған өмірлік сабақ болсын деп айтқаны, көрерменнің көңіліне көп ой тастады. Үшінші – «Менің күйеуім» атты сахналанған көрініс те өмірден алынған, адамның өзіне жақын адамдарының ішінде ең жақыны, құдай қосқан адал жарын — менің жәннатым деп атаған шынайы көрініс те ешкімді де бей-жай қалдырмады. Осылайша зал толы көрермен мазмұны бай, ой салатын, тәрбиелік мәні ауқымды қойылымдарды жылы қабылдады.

Бұл игі іс-шарада ақтаңгер ақын Айбек Қалиевтің шәкірті айтыскер ақын Тоба Өтепбаев желдіртіп Мәулітке арнауын, домбырашылар тобы  (жетекшісі Алмаз Хамитбеков) «Көроғлы» күйін асқан шеберлікпен орындап халықтың қошеметіне бөленді. Өнерпаздар Ерсін Молдабеков пен Науқан Бектеміров, «Лаула» тобының әншілері діни әндер орындағанда слайд арқылы жетімдер, қарттар үйінде тұратын балалар мен қарттарды көргенде көпшіліктің көзіне еріксіз жас үйірілді. Облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры, ақын, сазгер Марғұлан Оспановтың өзі шығарған «Бір кем дүние» атты термесін көпшілік ыстық ықыласымен қабылдады. Мәуліт кешін жерлесіміз, ақын, иманжүзді Медет Байзақов жүргізіп, мағыналы уағыз әңгімелер айтып, мерекенiң шырайын келтiріп, халықтың жүрегінде ерекше әсер қалдырды.

Мерекенің екінші бөлімі “Жас дәурен” шатханасында жалғасты. Мұнда Жансұлтан Қоңыртайұлы отбасымен ақ дастарқан жайып қонағасы берді. Сауапты iсi үшiн Таукеновтер отбасына Жаратқан Ие денсаулық, бақыт берсін деген үлкендердің тілегі мен батасы қабыл болғай. Алғысқа толы көптеген жүрекжарды тілектер айтылды. Соңынан бата беріліп, құран бағышталды.

Мәуліт мерекесі осылайша Әулиекөл жерінде өте жоғары дәрежеде өтті. Жамағат ең ұлы тұлға Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың шапағаты барлығымызға тие берсін, имандылығымыз күшейіп, еліміздің бірлігі мен ынтымағы арта берсін деген тілекпен тарқады.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Суреттерді түсірген Жанат БАЙДІЛДИНОВА

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика