Общество

Астана қаласының — 20 және Әулиекөл ауданының құрылғанына 90 жылдығына

0 17

КІШІПЕЙІЛДІЛІКТІ ЖАНЫ СҮЙЕТІН   

Үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегінде Әулиекөл ауданының құрылғанына 90 жыл, елордамыз Астанаға 20 жыл толады. Осындай атаулы даталар жылы ауданның, облыстың, тіпті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек сіңірген Еңбек Ері Қабидолла Қобыланұлы Тұрғынбаев туралы ой толғауды жөн көрдім.

Мен елдің ағасы атанған кісілердің біразының жанында жүрдім. Солардың бірі — Қабидолла Қобыланұлы Тұрғынбаев. Қабидолланы жұрт атын тікелей атамай «Біздің Қақаң»       дейтін. Бала кезімде маған осы есім тұтас аталатындай сезілді. Әкем Қайыптан «Біздің Қақаң» қайда тұрады деп сұрағаным бар.

— Қай Қақаңды білгің келеді? — деп әкем аң-таң.

— Қариялар әңгімелескенде «Біздің Қақаң» деп бір кісі туралы айта береді ғой.

— Е, Қабидолла Тұрғынбаев қой. Бұл кісі ғажап адам. Төрт кластық біліммен алпысыншы жылдардың басында «Целинный» совхозына директорлығына  тағайындалды. Сол кезде жасы отызда ғана-тын. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген осы.

— Неге төрт класс қана оқыған? — деп балалық аңқаулықпен тағы да сауал  қойдым.

— Отбасында мүмкіндік болмаған. Есесіне ииститутта сырттай оқыды.

Балалық қиялды қойсайшы. Тұрғынбаев төрт кластық біліммен совхозды  басқарса, өзге балалар неге оныншы классқа дейін оқиды деген ойдың мені мазалаған шын еді. Сол жылы жазда бесінші класқа көшкенмін. Тұрғынбаев  сияқты төрт класс білімім бар, оқымасам қайтеді деген сезім мазалаған-тын. Әкем оның жоғары оқу орнынан диплом алғанын санама сіңіргесін, битарап  ойдан тиылдым.

Дегенмен, ауылдағы ақсақалдардың әңгімесіне құлақ түруден жалықпадым.  Тың жерге түрен салған «Целинный» совхозының ұжымы егіншілік  мәдениетін керемет жақсартты. «Апыр-ай, бидайының өзі  бармақтай-бармақтай» деп қариялар тамсана сөйлейтін.

Есейген соң Қабидолла Қобыланұлымен кездескенде осы сөзді есіме алып, сауал қойдым.

— Бармақтай-бармақтай дегені «баданадай» сөзінің баламасы болса керек. Бір жылы жаңбырдан соң егістікте қосымша дән сабағы қаптап өссін келіп. Мұны  орысша «подгон» атайды, — деп Қақаң-Қабидолла  Қобыланұлы үнсіз қалды.  Сырын көп білмеймін. Сол себептен үндемедім.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде жанында жүргендер  оның қасы мен қабағына қарапты. Айтушылардың сөзіне сенсек, үнсіз  отырғанда ойын бөлмеген дұрыс. Тығылып қалып, сөйлемей қояды екен.

— Совхозға облыстық партия комитетінің лекторы Досаев Өміртай келді. Лекторлар тобының беделдісі. Халықпен кездесуде ұзақ сонар лекция  оқымайды, кеңесіп, пікірлеседі. Досаев егінжайды аралауға тілек білдіреді. Машинаға мінгізіп, қыр төсіне апардым.

— Апыр-ай, Қақа, «подгон» туралы қаншама естісем де, көзіммен көрмегенмін. Қыруар байлықты шашпай-төкпей жинауды ойлап, мазасызданып жүрсеңіз де менің тілегімді орындадыңыз. Сіздің орныңызда басқа директор болса,  мұрнына су жетпей жүргенін көлденең тартады. Сіз кішіпейілділікті сүйеді  екенсіз, — дейді Досаев.

Директор Тұрғынбаевтан бастап шаруашылықтағы үлкен, кішісіне дейін  тәулігіне бірер сағат қана дем алып, қырдағы егінді түгелдей жинаған. Қырманға  тасылған астық тау-тау болып үйілген. Ендігі мәселе — алтын дәнді қырманда ұзақ уақыт сақтамай, элеваторға жеткізу.

Аманқарағайдағы элеваторға дейінгі ара қашықтық сексен шақырымның ар  жақ, бер жағы. Алпысыншы жылдардағы совхозда жүк таситын машиналарға әрі кетсе үш тонна ғана астық сияды. Семиозер (Әулиекөл) ауданындағы автобаза кәсіпорындарындағы машиналар совхоз, совхоздарға күні бұрын бөлініп  қойған. Олардың қай-қайсысы да басы артық көлікке зәру.

— Қақа, Сіздің жаныңызда жүріп, іштей қатты күйзелетініңізді байқадым. Астық  үшін айқас жолында лекторлар, біздер де, үлес қосқымыз келеді. Мына тығырықтың қандай жолы бар, соны айтсаңызшы, — деп Досаев қиыла сұрағанда серпіліп кеттім, — деді Қақаң баяғы әңгімесін жалғастырып.

— Інім-ау, мен сені қағаз басты жан екен десем, халық игілігін  қорғайтын ердің  нағыз өзі екенсің ғой, — деп Досаевқа қарай жүзімді бұрдым.

— Менің көңіліме түйгенім, облыстан көмек ұйымдастырылмай, телегей-теңіз  байлықты қамбаға құя алмайсыз. Мен облыстық партия комитетінің  бірінші  хатшысы Андрей Бородинге көзіммен көргенімді баяндаймын. Бұл басшы Сіз  туралы жақсы пікірде. Қолайлы шешім қабылдауға тиісті, — деп Досаев пікірін  ашық білдірді.

— Сосын Досаев Сізбен хабарласты ма? — деп сұрадым Тұрғынбаевтан.

— Хабарласқаны сол, облыстан автокөліктер бөлуге ықпал етті. Андрей Бородин  біздің совхоздағы «подгон» туралы естімепті. «Тұрғынбаев мол байлыққа  кенелген екен. Соны бірлесіп, қамбаға құю біздің міндетіміз» депті де тиісті  адамдарға шұғыл түрде тапсырма беріпті. Мені дабыл қақпағаным үшін  кішіпейіл директор атаған бірінші хатшы Бородин. Жұрттан ерекше көмек  сұрауға қымсынғаным шын еді.

Тұрғынбаев Қабидолланың бойына біткен қасиеттерінен есімде қалғаны әңгіме  айтып болғаннан кейін тыңдаушының бетіне қарап отырып жымиып күледі. Бұл  жолы да солай жасады.

Сексенінші жылдардың ортасы болу керек. Газеттің жұмысымен Әулиекөлге  бардым. Аудандық партия комитетіне бас сұқтым. Қабылдау бөлмесіндегі  хатшы әйел Тұрғынбаевтың қабылдауында облыстық партия комитетінің  хатшысы Марат Меңдібаев отырғанын ескертті. Іштей Қабидолла  Қобыланұлымен кездесудің сәті болмайтынын ойлап тұрдым.

Сәлден кейін кабинет есігі ашылып, іштен алшаңдай басып Тұрғынбаев шықты. Мені көре сала кілт тоқтап, сәлемімді ықыласымен алды.

— Қалқам, сен сәтті уақытта келдің. Қазір аудандық партия комитетінің шұғыл  түрдегі бюро мәжілісін өткізбекшіміз. Соған сен қатысып, күн тәртібіндегі  мәселеге құлақ түрші, — деп қолқа салды.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қабидолла Тұрғынбаев егін  орағы ойдағыдай аяқталса да, облыстан жоспардан тыс қосымша тапсырма  алынғанын хабарлады.

Бюро мәжілісіне совхоздардың директорлары мен партком хатшылары  шақырылыпты. Әлгі мәлімдеме оларға ұнамағаны байқалды. С.Баймағамбетов  атындағы совхоздың директоры Виктор Пантелеевич Игнатенко қырманға  комбайнды апарып, жауыннан кейін танаптан жиналған астықты сұрыптап  жатқанын айта келіп, қоғамдық малға жем де қалмағанына қиналды.

— Совхоздағы саяси жетекшінің пікірі  қандай ? — деп Лев Гордеевке қарай  жүзін  бұрды. Лев Михайлович орнынан асықпай тұрып, директордың пікірін  қолдайтынын білдірді.

— Айтпақшы, сіз кезекті еңбек демалысынан қашан оралдыңыз? — деп сұрады Тұрғынбаев партком хатшысынан. Лев Гордеев қызметке оралғанына үшінші  күн екенін айтты.

— Кешіріңіз сіздің демалыста болғаныңызды ұмытып кетіппін, — деп Қабидолла  Қобыланұлы ілезде жүзін жылытты.

«Диев» совхозы парткомының хатшысы Жәнділда Мақанов егінжай жаққа  барып, қайтуға шақырды. Шаруашылыққа аудандық партия комитетінің бірінші  хатшысы Қабидолла Тұрғынбаев қызмет бабымен келген екен.

Шілде айының миды қайнататын ыстығына қарамай аудан басшысы егістікті  асықпай аралады. Жанына еріп жүрген совхоз директоры Григорий Феслер мен саяси жетекші Мақановқа, Құдай қаласа, күзде астық  байлығы жасалатынына  сенім білдіріп, оларды серпілтті.

Пар танаптарын өңдеушілерге жеттік. Тракторшы орыс жігітімен жылы  шыраймен амандасқан Тұрғынбаев оның аты-жөнін сұрады.

— Мен сіздің әкеңізді білемін. Ауданға бара жатқанда жол ортасындағы  Қырғуыс елуінші жылдары «Диев» совхозына қарады. Сол бөлімшені  басқарғанда әкеңізбен иық түйістіре еңбек еттім, — деп Қабидолла Қобыланұлы  механизатордың арқасынан қақты. Әлгі жігіт оның кішіпейілдік танытқанын  кейін жерлестеріне мақтанышпен айтқанын естідім. Қабидолла Тұрғынбаев сұхбаттасқанда үнемі ашық көңілмен әңгімелеседі. «Өнегелі ғұмыр» атты  хикаятты жазып жүргенде ұзақ уақыт сырласқаным есімде. Мен республикалық  телерадиокомитетінде редактормын. Қақаңды қонақ үйінен іздеп таптым.

Қай басшының да өзіне тән қызмет тәсілі болатыны өмірден белгілі. «Целинный» совхозын жиырма жыл басқарғаны өз алдына. Аудандық партия комитетінің  бірінші хатшылығына сайланғанына да он жылға таяп қалыпты. Сараптап қарап  отырсам, Семиозер (Әулиекөл) ауданының экономикасының дамуы тұрақты. Тұрғынбаевтың талап қойғыштық әдісін жұрттың барлығы аңыз етіп, тілге тиек етеді. Сұхбат үстінде соны есіме алдым.

— Ауданның маусымдық шаралары — көктемгі дала жұмыстары, пішен жинау  және егін орағының алдында актив жиналысына жауапты адамдарды түгелдей  шақыртамын. Мен қашанда ойымды қысқаша жеткіземін. Бағынышты адамдар  да соған үйренген, — деп бастады сөзін Тұрғынбаев.

Әрбір маусымдық жұмыстардың жауаптылығына тоқталамын. Салдыр-салақ жүргендер көзге ілікпей қалмайтынын қатаң түрде ескертемін. Шынтуайтынына  келгенде, қарбалас уақыттарда ретсіз тексерулерге жол бермеймін. Тапсырма  алғандар емін-еркін еңбек етуі керек. Тәртіп бұзғандар жазасыз қалмайды.

— Сірә, үлгі еткен ұстаздарыңыз болған-ау ?

— Болғанда қандай, болды, — деді де Қақаң мына оқиғаны есіне алды.

«Диев» совхозын жиырма жылға жуық уақыт басқарған Иван Абрамович Стрижаченко бір жүктеген тапсырмасын қайталамайтын. Науырзым ауданы «Соснов» совхозының Шолаққопа ауылы елуінші жылдары Диевтың «Сәңкібай»  атанған бөлімшесі болды. Қақаң Сәңкібайға наурыз айында барған.

Қойлы ауылдың ұжымы қобалжулы болса керек. Көктем ұзап кетсе, маядағы  шөптің жетер, жетпесі неғайбіл. Стрижаченко орталық мекеннен трактормен  қосымша жемшөп жеткізгенге дейін отарларды қырға жаюды ұсынады.  Директордың әрекетіне түсінбегендер аң-таң.

Иван Абрамович қырат жерлердің қарын бульдозер тракторымен итеріп, аршуға кеңес береді. Сол ұсыныс сексен шақырым қашықтықтағы Сәңкібайға бұйрық  ретінде жеткізілген.

Жас жігіт Қабидолла ауыл азаматтарын директордың айтқан шаруасын  орындауға жұмылдырады. Қары тазартылған қыратқа жайылған қойлар  кәдімгідей тебіндеп, қоректеніпті.

Қақаң-Қабидолла Қобыланұлы Алматыға қызмет бабымен жиі-жиі баратын. Телередактор қызметін атқарып жүрген маған келерде хабарлайды. Мен  Қақаңды аэропорттан күтіп аламын.

Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Төлебеков пен Қазақстан Білім және Ғылым министрі Шайсұлтан Шаяхметовпен таныстырды.

Төлебековпен кездесуге барғанда қабылдау бөлмесінде тұрдық. Мен облыстық  партия комитеті ғимараты алаңында күте тұрмақшы едім.

— Ағасының жанында інісінің еріп жүруі қалыптасқан дәстүр. Кітап жазып  жүріп соны білмей қалғаның ғой, — дегесін амалсыз Қақаңмен бірге ғимаратқа  ендім. Әлден уақытта кабинетінен дабырлап сөйлеген қалпымен Төлебеков шықты. Жанында облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Романов болу  керек, еріп жүр. Қасым Төлебеков әңгімесін тия қойып, Қақаңды құшақтап алды. Бірер сөзбен амандық сұраса сала:

— Слушай, Романов жолдас, мына Тұрғынбаев басқаратын Қостанай облысының Семиозер (Әулиекөл) ауданы төрт түлікке бай мекен. Қасым Төлебеков ірі  қараның да, қойдың да, жылқының да санын ауызша айтқанда, оның еске сақтау  қабілетінің кереметтігіне таң қалдым. Қабидолла Қобыланұлы кішіпейілділік  сақтап, ақырын езу тартып күліп тұрды.

… Қасым Төлебеков Қостанай ауданында өткізілген облыстық жазғы спорт  жарысына келді. Құрметті қонақты «Қазанбасы» совхозының директоры  Мырзағали Ғабдуллин сәндеп тігілген киіз үйге шақырды. Қазанбасылықтар  шетінен өнерпаз. Соған риза болған Қасым Қажыбайұлы «Алматыда жаңа  жауып, жаңа жауып басылған» деп ақырын ыңылдады. Мырзекеңнің жігіттері  мен қыздары қонаққа қосылып, шырқап кетті.

Алматыда қызметте жүргенде астанаға келген Қақаңды үйіме қонаққа  шақырғым келді. Жұбайым Қалимаш Ахатқызы екеуміз дастархан мәзірін  ақылдасып, байытқанмен қобалжыдық. Өйткені, Қақаң біз үшін үлкен тұлға, Социалистік Еңбек Ері. Жасы да бізден әлдеқайда үлкен.

Қазақстан Ғылым Академиясы жанындағы жатақхананың шағын бөлмесінде  тұрамыз. Мәртебелі қонаққа ықыласымыз түзу болғанмен, жатақхана бөлмесіне қонаққа шақыруды ыңғайсыз санадық. Ақылдаса келе Қақаңды ресторанға  шақыруға шешім қабылдадық.

Жексенбі күні еді. Таңертең киініп, Тұрғынбаев орналасқан қонақ үйіне  тарттым. Жексенбі күні бірге серуендеуді Қақаң ұсынған болатын.

— Ереке, мына ағаңның елде жүргенде демалыс күндері моншада жуынып, дағдыланғанын білесің. Ертең екеуміз моншаға барайық, — деген-тін.

— Ағай, моншадан кейін Сізді ресторанға шақырамын, — дедім. Қақаң маған  қарай жалт қарады да:

— Сол рестораныңа екеуміз мен келгелі талай рет бардық. Ақша сенде де, менде  де жетеді. Айтайын дегенім, жұбайым Сәуленің қаймақ қатқан шайын  сағындым. Сен үйіңнен шай бере алмайсың ба? — деді.

— Ағай, шайдың дайын екені, дайын. Тек Сізді жатақханаға апаруға  қымсынамын, — дедім.

— Сол да сөз болып па? Мен Әлімбет руына жиенмін. Сен ғой сол әулеттің   бойың кішкентай болса да Алматыдағы дөкейісің, — деп әзілдегенде ыржалақтап  күле бердім.

Ұзын сөздің қысқасы, қонақты таксимен жатақханаға алып келдім. Жатақхана құрылысы ертеректегі архитектура жобасымен салынған ескілеу ғимарат. Сыртқы есіктен кіріп, жоғары қабаттағы бөлмеге жеткенге дейін бірінші   қабаттағы ұзын дәлізбен жүріп өту керек.

Жексенбі күні жатақханадағы аспиранттардың балалары дәліз ішінде қаптап  жүреді. Қақаң екеуміз сондай құбылысқа тап болдық. Дәліз ішімен жүріп келе  жатып, қысыламын. Қақаң топырлаған сәбилерді көріп шошымаса жарар еді  деп іштей толқудамын. Қайдағы шошу, Қақаң бөбектерді көре сала, мына  қошақандар қалай жүгіреді-ай деп сүйсінсін келіп.

Жанымызға оңтүстік облыстан келген журналист еріп жүрді. Әлгі қаламгер  Қақаңның кішіпейілдігіне риза болып: «Басқа аймақты қайдам, біздің  оңтүстіктегі аудандық партия комитетінің басшылары өзін өзгеден жоғары қояды, алшаңдап, аяғын зорға басады. Сенің Қабидолла ағаң мүлде қарапайым,  кішіпейіл екен, — деп ағынан жарылды.

Міне, ел мақтап, сыйлап-құрметтеген «Біздің Қақаң» есімді асыл ағаның  бойына дарыған қасиеттері осындай еді.

Ермекбай ХАСЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Әулиекөл ауданының Құрметті азаматы  

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика