Общество

Әкеммен мақтанамын

0 13

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады.  Рухани жаңғыру дегеніміз, ол артта қалған тарихты ұмытпай, ұрпаққа жеткізу. Осыған орай, кезінде киелі  Көктал елінде мектептің ашылуына белсене атсалықан және көп жылдар бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз, менің әкем Ғ.Аппазов туралы ой толғағым келеді.

Ғабдел Нүрпейісұлы 1923 жылы 10 қазанда Қостанай ауданы, Майалап ауылында дүниеге келген. Мектепті үздік аяқтаған жас жігітті 1940 жылы біздің ауданның Көктал ауылына мұғалімдікке жібереді. Бес-алты айдан кейін, сол жылдың қараша айында, он сегіз жасқа толуына байланысты әскерге шақыртылады. Москва түбіндегі Подольск қаласында әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы қан майданға аттанады. Қырғын соғыстан запастағы офицер болып, елге аман-есен оралады. 1946 жылы Мендіқара педагогикалық училищесін аяқтап, өз ауылында мұғалімдік қызметін атқарады. Өзі майдангер, белсенді, білімді жастың бірі болғандықтан болар, бірден партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Партияның қалауымен, 1962 жылы алғаш еңбек жолын бастаған Теректі өзенінің бойында орналасқан Көкталға көшіп келіп, бірден парторг болып сайланады. Ауыл орталықтан шалғай, тіке жолмен 35 шақырым. Онымен қоса жері сазды, жаңбыр жауса жері езіліп, көліктің жүруі қиындайды. Көктемде Теректі тасыған кезде орталықпен байланыс айлап болмайды, көптеген ауыл балалары бастауыш мектептен кейін оқуларын жалғастыра алмады. Осының бәріне куәгер болып жүрген майдангер, ауыл ағасы, басқарушы  Ильяс Хасенов жаңадан келген мұғалімнің белсенді, сөзге шебер, білімді екенін байқайды. Екі майдангер жақсы араласып, сырласады, ойларымен бөліседі. Сондай бір отырыста ауыл балаларының оқи алмай жатқандығы туралы сөз қозғалады. Бұл мәселені шешу Ғабдел Нүрпейісұлының қолынан ғана келетіндігіне сенім артады. Осылайша, 1963 жыл  – Көктал тарихында ерекшелігімен қалды. Сол жылы әкем Көктал ауылында 8-жылдық мектеп ашу мәселесін қолға алып, ауданға аттанады. Ол жақта мектеп ашу үшін ауыл балаларының саны аз, сол себепті Сізді қолдай алмаймыз деген өкім айтылады. Мәселе, балалардың санында болғандықтан, әкем тәуекелге барады. Көрші Түбек, Қараман, Қарағансай ауылдарын аралап, тұрғындардан балаларын  Көктал  мектебіне оқуға береміз деген арыз жинайды. Бұл мәселенің қиын жері, сол оқушыларды Көкталдың баласы ретінде көрсету керек. Ол заманда партиядағы адам түгілі, басқаға да мұндай тәуекел іске бару үшін жүрек керек еді.  Бұл ойларымен шешем Қатирамен ғана бөліскен. Ауылдың және балалардың болашағы үшін әкем алған бетінен қайтпайды. Көрші ауыл халқының көпшілігі қарсы болған, әсіресе 12-14 жасқа толған қыз балаларды оқытып қажеті жоқ, мектепке бермейміз дегендер өз ауылынан да табылған. Ең қиыны, халықпен жұмыс жасап, олардың қолдауын табу болатын. Көпшіліктің демеуімен бұл жұмысты екі-үш ай арасында тәмамдап, әкем облыс орталығына аттанады. Қажетті органдарға хат жазып, жүзбе-жүз кездесулер жасап, келісімдерін ала біледі.

Көктал халқы үшін ерекше орын алған оқиға — 1964 оқу жылы ескі ғимаратта сегіз жылдық мектеп бірінші шәкірттерін қабылдайды. Әкемнің талай ауданға, Қостанайға барып мектепке қажетті  жиһаздарды, кітаптарды алып келіп жатқандары есімде. Кей уақытта түнделетіп келетін, шешем қазір әкелерің келіп қалуы мүмкін деп күтіп отыратын.

1965 жылы ауылда жаңа мектеп, мұғалімдерге арналған жаңа үйлер салынды. Сол жылы мен де мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа бардым. Жаңа мектеп ашылғанда менің әкемнің білімі жоғары болмағандықтан, директор болып А.Г.Большаков тағайындалды.

«Елу жылда – ел жаңа» деген, сол күннен бастап 50 жылдан артық уақыт өтті. Зымырап күндер өтіп, өмірге талай адам келіп-кетіп жатыр. Олардың бәрінің артында өшпес із қалады. Біреулер ақындықпен, біреулер жыраулықпен, біреулер батырлықпен есте қалып жатса, саналы ғұмырын оқушылардың білімі мен тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздардың бірі менің әкем Ғ.Аппазов еді. Ұстаздық бүкіл әлемдегі мамандықтардың атасы екендігі белгілі. Өйткені, ұстаз алдынан өтпеген ешкім жоқ. Тіпті, ұлы ғұламалар Әл-Фараби, Абайлар да ұстаздардың алдында бас игені мәлім. Кейіннен сырттай Қостанай педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп алады. Біраз уақыт директордың оқу жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Көптеген мектептегі жұмыстардың бастамашысы болды. Осы кезеңнен бастап киелі білім ордасы еңселі де биік, сәулетті оқу орнына айналды.

Мен бақытты адаммын, әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін демекші, күні бүгінге дейін бірге қызмет еткен әріптестері  Ғабдел Нүрпейісұлын іскер басшы, ұжымның ұйытқысы болған кісі десе, енді бірі, ұстаздардың ұстазы болған, талай шәкірттерге білім нәрін сепкен үлгілі ұстаз, қадірменді азамат еді деп айтады. Қашан да халық көреген, халық сыншы, халық берген баға марапаттың ең үлкені, халық құрметі ең бағалы сыйлықтан да қымбат. Олай болса, биыл сол Көктал ауылында 120 орындық жаңа мектеп салынды. Мектептің ашылуына арналған салтанатты іс-шарада Ғ.Аппазовтың іскерлігі, табандылығы, еңбекқорлығы, адамгершілігі, жаңашылдығы, жүрегі жылы ізгі жан екеніндігі туралы  көп жылы сөздер айтылды.

Менің әлі есімде, мектеп мұғалімдері, мейлі ауыл тұрғындары болсын біздің  үйге келіп, өздерінің бір мәселесін шешу үшін әкемнен ақыл-кеңес сұрап жатқандарына куәгермін. Әрине, не туралы айтып жатқандарын білмеймін ғой, алайда қиналғанда келіп жатқандарын бала жүрегіммен сеземін. Біздің мектепте өте қатаң, орта жасқа келген ағай болатын. Біз ол кісінің бетіне тік қарауға қорқатынбыз, сабақтарында масаның ызыңдағаны естілетін деуге болатын. Бір күні сол кісі әкеммен төргі үйге кіріп кетті. Көп әңгімелесті. Кетіп бара жатқанда әкемнің, барлығы жақсы болады, менің айтқаныма құлақ түр дегенін естіп, таңғалдым. Бірде жас мұғалім жұбайымен жараспай қалғанын айтып, ақыл-кеңес сұрады. Тағы да шешуді қажет ететін мәселелер… Осылайша үйдің есігі жабылмайтын. Бала да болсам ішімнен әкемнің кемеңгер, даналығын мақтан ететінмін.

Осындай адал жүректі, абзал азамат нағыз толыққан кезінде 1976 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Сол Көктал ауылында жерленді. Әкемнің есімі  өзіндік биік адамгершілігімен, мұғалімге тән үлкен жүрегімен мектеп тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Қорытындылайтын болсам, бұл күнде әкем мен анам тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек сияқты. Шешем күйеуі ерте қайтқанына қарамастан, балаларының барлығының дерлік жоғары білім алып, түрлі салада еңбек етуіне жағдай жасады.

Бүгінде әке ісін ұрпағы жалғастыруда. Ауылда тұрып, елге iзгiлiктi iсiмен, қайырымдылығымен танылып жүрген ел азаматы, шаруа қожалығының басшысы күйеу баласы Темірхан Теміртасұлы мен ортаншы қызы Жанат Ғабделқызы Көктал ауылының өркендеуіне, жаңа мектептің ашылуына атсалысқан еңбек қайраткерлері.

Айғаным АППАЗОВА, қызы,

Қазақстанның үздік мұғалімі

Суретте (төменгі қатарда солдан оңға қарай төртінші, бесінші алтыншы отырғандар):  ұлы Дүйсенбай, қыздары Айганым, Биғаным, жоғары қатарда (сол жақтан екінші тұрған) тұңғыш ұлы Абай.

Сурет қызы Жанат Ғабделқызының жеке мұрағатынан алынды.

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика