Спорт

Серік ЕСЕНЕЕВ — чемпиондар ұстазы

0 12

 «… Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш».

Елбасының «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру»  мақаласынан

«Өз өмірін сүйікті ісіне арнаған адам — ең бақытты да бай адам болып саналады» дейді халық даналығында. Осы нақыл елдің мақтан тұтар азаматы С.Есенеевке арналғандай.

Өз жұмысын жан-тәнімен сүйетін Серік Ғибранұлы қырық жылға жуық Соснов негізгі мектебінің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болып еңбек етіп келеді. Жастайынан спорт десе жанып түсетін ол спорттың бар түрімен айналысады, жүгіреді, шаңғы тебеді. Алғаш жұмысының қыр-сырымен қағаз жүзінде танысты, көп ізденді. Ауыл балаларына спорттың денсаулыққа пайдалы екенін айтып, спортпен айналысуға машықтандырды. Балалар да ағайының соңынан еріп, айтқанын істеді. Міне, 1987 жылдан бастап негізгі мектептер арасында спорттың қай түрінен болмасын, бірінші орынды бермей келе жатыр.

С.Есенеев осыдан он жыл бұрын аудан түгіл, облыс бойынша ақсап жүрген спорттың дойбы түрін қолға алды. Бұл — жас балаларды жастайынан алғырлыққа, сабырлылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейтін ойын.

Шәкірттерінің де дойбыға деген ынтасы жоғары болып, үйреніп алды. Осыдан кейін шәкірттері аудан, облыс көлемінде өтетін жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелене бастады. Спортшылар осы дойбы ойынының арқасында Қазақстанның бүкіл қалаларында өткен республикалық жарыстарға қатысып, чемпион атанды. Олар — Аруна Сәрсенбаева – екі дүркін Қазақстан чемпионы, Елдос Қабдрахман, Назым Серікова, Айдана Ақанова, Аида Ақановалар. Осылайша олар кішкентай ауылының, мектебінің атын республикаға танытты. Бұл ұстаз еңбегінің ақталғаны. Шәкірттерінің алды әкімдікте, білім бөлімінде қызметте.  Бүгіндері ауыл мектебінде оншақты, аудан орталығында да біраз балалар дойбыдан үйірмеге қатысып жүр. Бейбіт Исмағұлов, Мейрам Бақытжанов, Тайыр Хамит сияқты шәкірттері бар.

Ұстаз былтыр дойбы ережелері туралы кітап жазып, «Дарын» мектебінде қорғады. Еңбегі дойбы ойынымен айналысамыз деген облыс мұғалімдеріне таратылды.

Серік Ғибранұлы жоғары категориялы ұстаз. Осыдан үш жыл бұрын спортқа деген зор сүйіспеншілігінің және жеткіншек ұрпақты осы бағытта тәрбиелеп, елеулі жетістіктерге жеткені үшін дойбыдан Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт төрешісі атағы берілуінің өзі үлкен сый-құрмет. Республика деңгейінде өтетін үлкен додаларға төрелік етеді. Елге сыйлы азаматтың алған марапаттары бір төбе, оған куә — аудан және облыс әкімдерінің, білім басқармасы, білім беру министрінің грамоталары.

Туған ауыл перзенті үшін ауылының әр шөкім жері, тасы, суы ыстық. Біраз жерге қызметке шақырды, бірақ ауылын қимай, бармады, тастағысы келмейді. Ел тұрғындарының  үйлерін тастап көшіп жатқаны да оны қатты алаңдатады.

Ардақты жан жұмысынан да, отбасынан да бақытын тапқан. Жұбайы Ғалиямен Данияр, Динара, Мәдина атты ұл-қыз өсірді. Ұлы шаруа қожалығының басшысы, келіні мен қызы мектепте еңбек етеді. Желкілдеп — немерелері Арыстан, Рамазан, Айша, Томирис, Тамерлан, Алихан өсіп келеді.

Өз ісіне жауапты, әрі ұқыпты, айналасындағыларға қашан да қамқорлық танытып, қолынан келгенінше көмек қолын созатын Серік Ғибранұлын қашан көрсең де, жүгіріп жүргені. Өзі де тыным таппайды, басқаларға да тыным бермейді.

Адамдықтың  үлгісін көрсетіп, халық қалаулысы мәртебесін көтерген аптал азамат 23 ақпанда асқаралы 60 жасқа толғалы отыр.

«ӘУЛИЕКӨЛ» газеті оқырмандарының атынан Серік Ғибранұлын өміріндегі айтулы күнімен құттықтап, еңбегінің жемісін көріп, биіктен көрініп, елінің атағын шығарар шәкірттері көп болсын дегіміз келеді.

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Суретті түсірген автор

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика