Общество

Ардақты ұстаз – аяулы әке

0 16

Рухани жаңғыру дегеніміз, ол артта қалған тарихты ұмытпай, ұрпаққа жеткізу. Сондықтан, мен де бүгін қолыма қалам алып, аяулы әкем, ардақты ұстаз Қ.Ыбышев өнегелі өмірі жөнінде мақала жазып отырмын. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Әке жақсылығы, қырық жыл азық болады» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні — әке жолымен жүру.

Менің әкем Қияқ Бейсенбайұлы 1932 жылы 23 ақпанда Амангелді ауданы, Коммунизм жолы  «8 март» ауылында дүниеге  келген. 1938-1939 оқу жылында Жасбуын сегізжылдық мектебінің 1 сыныбына барады. Анамның айтуына қарағанда, 1946-1950 жылдыры Амангелді орта мектебін бітіріп, Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1953 жылдары аяқтайды. Екі жылдан кейін Арқалық сегіз жылдық мектебінде, Жасбуын сегіз жылдық мектебінде  ұстаздық қызмет атқарады. Аяулы әкем 1961 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын  аяқтап, В.И.Ленин атындағы мектеп-интернатқа оқу ісінің меңгерушісі болып қызметке орналасқан. 1958 жылы партия қатарына өтеді. 1963-1967 жылдары Байғабыл орта мектебінде директор, 1967-1978 жылдары Жаңа ауыл орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал, 1978-1981 оқу жылында Б.Майлин атындағы орта мектепте директор, 1981-1987 оқу жылдары Жасбуын орта мектебін  басқарады.

Аяулы әкем қызметін абыроймен атқарып,  адал еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған. Аудан бойынша «Ұстаздардың ұстазы» белгісін  алғаш алған  азамат. Мәскеу қаласындағы мұғалімдер съезіне делегат болып сайланған.  «Ленин» орденімен және «Тың және тыңайған жерлерді игеруге үлес қосқаны үшін» медалімен және басқа да марапаттарды иеленген.

Тіршілікте ештеңе де жеңілдікпен келмейді. Оның ауыртпалығы да, қуанышы да аз емес. Сондай кездері төзімділік танытсаң ғана, өзіңнің көздеген мақсатыңа жетесің деп ұл мен қыз тәрбиелеген кісі. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес, миллиондаған жылдар жасайды. Аяулы әкемнің  бар арманы мен мақсаты халыққа қалтқысыз қызмет етуімен қатар, өзінің көзі болып табылатын ұрпақтарын жеткізу болған.  Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана десек, отбасылық тәрбиені анам екеуі бірлесіп атқарған. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер жанұяда балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.

Досқа сыйлы, елге құрметті болған аяулы әкемнің ұстаздық жолын ұрпағы жалғастыруда. Үлкен қызы Алма тарих пәнінің мұғалімі және сегіз жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарды. Әлиясы қазақ тілі пәнінің мұғалімі, ортаншы қызы Ғалия  жасөспірімдерді тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүрген  ұстаздың бірі. Кенже қызы, яғни мен Эльмира,  қазіргі  таңда №28 Құсмұрын орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Менің алға қойған мақсатым — бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Осындай  мақсатпен кенже ұлы Қанат Затобол кентіндегі Н.Наушабаев атындағы мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ, әкемнің келіндері, алты немересі, бір немере келіні ата жолын  жалғастыруда. Баланың жан-жақты тәрбиелі тұлға болып қалыптасуы, ол, ең бірінші, ата-ананың мейірімі мен жан жылуына, отбасылық махаббатқа байланысты. Әкемнің балаларына берген тәрбиесін, анам бізге үнемі айтып отырады. Аяулы әкем ешқашан да балаға қатты сөйлемеген кісі. Бірақ әкемнің көзқарасынан не айтқысы келіп тұрғанын балалары түсінетін. Әкем балаға ұрысып, ұрып ештеңе істете алмайсың, ақылмен немесе істеген жаман қылығын қалжыңға айналдырып түсіндірсең, ол бала жамандықты жасамайды деп айтып отыратын. Әр ұстаздың бала тәрбиелеу кезінде өздерінің әдістері бар. Аяулы әкемнің әдісі — қалжыңды араластыра отырып, баланың кемшілігін түсіндірген. Қазіргі кезде оқушыларымыздың мінез-құлқының  аумалы-төкпелі кезінде, әкемнің осы әдісін қолданған жөн болар деймін.

Асқар таудай әкеміз егер тірі болғанда, ақпан айының жиырма үшінде сексеннің алтауына келер еді. Бірақ, амал қанша, ол осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өтті. Осы әңгімемді Ғ. Мұстафиннің «Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды, ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат» деген сөзімен аяқтағым келеді. Менің ойымша, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса ғана, елдің болашағы зор болмақ. Ата-ана мен мектептің оқу мен тәрбие үрдісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болғанда ғана, қазіргі бүлдіршіннен болашақта елінің даңқын асқақтатар азамат шығатынына кәміл сенемін.

Эльмира ИВЫШЕВА,

№28 Құсмұрын ОМ дене шынықтыру  пәнінің мұғалімі

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика