Общество

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні

0 10

Дүние аналармен көрікті ғой

Көктем мен әйел егіз. Әйел жаны көктемде ерекше құлпыра түседі. Сондықтан да болар, Халықаралық әйелдер күні мерекесінің көктемнің алғашқы күндерінен орын алуы тегін болмаса керек. Ана отбасының алтын қазығы, әйел ғана ізгілікті, сүйіспеншілікті, нәзіктік пен сұлулықты сақтай біледі, дүниеге  жаңа өмір сыйлайды.

Қымбатты асыл әжелер, мейірімді аналар, сұлу арулар! Мерекелеріңізбен!

ӘЖЕ    

Әулеттің ұйытқысы                                                        

Жыл сайын көктеммен бірге келетін Әйелдер мерекесі күні ардақты аналар, аяулы апалар мен сан-салалы қызметте еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер туралы мақала арнаймыз. Новонежин ауылдық округінің әкімі Дастан Искаков ауылында өнегелі, көпке үлгі Мағзұмовтар отбасы тұратынын айтып жол бастады.

Күлбаршын Кәкімқызы сағымдай болып артта қалған сонау бойжеткен шағын еске алды. 1935 жылы Торғайда туған, руы қожа. Өз қатарластары сияқты соғыс жылдарының қиыншылықтарын бастан кешіреді. Ауылда жеті сыныпты бітіреді. Сұлу бойжеткенге алдымен болашақ жарының әкесінің көзі түседі. Отан алдындағы борышын өтеп келген әскери формадағы Бейсен сұлу аруға бір көргеннен ғашық болады. «Түсі игіден түңілме» дегендей, сыпайы жігітті қыз да ұнатады. Осылайша жүректері тоғысқан екі жас отбасын құрып, өз ұясынан ұшып, 1957 жылы жаңа өмірге қадам жасап, босаға аттайды. Тырмысып ел қатарлы үй болады.

Күлбаршын ана өмірге тоғыз бала әкеледі, екеуі қайтыс болады. Балалары Күлдірген, Сәрсенбай, Гүлнар, Сәкен, Әлия, Әдиля, Абзал үйлі-баранды, бір-бір мамандық иелері. Қос қарияны кенже баласы Абзал мен келіні Жұмаш мәпелеп бағып-қағуда. Бүгінгі жастарға сабақ болсын деген мақсатпен отбасы берекесі туралы бірауыз айтыңызшы деп өтіндік. Босаға аттаған келін – бір-бір үйдің қызы. Өз ошағында көрген жылулығын жаңа аттаған шаңырағынан да көруге талпынатыны сөзсіз. Ата дәстүрінің абыройын арттырып, берік ұстанған келіні енесінің алдынан қия кесіп өтпей, ақ батасын алып отырған жайы бар. Міне, жиырма жылдан бері ене мен келін бір шаңырақ астында жарасымды тірлік кешіп келеді.

Ақ жаулықты Күлбаршын Кәкімқызының омырауында Батыр ана, Алтын және күміс алқа медальдары жарқырайды. Абзал әже отағасы Бейсен ақсақалмен бүгінде дүниеге әкелген ұл-қызынан өрбіген ұрпағынан 34 немере мен 15 шөберенің қызығы мен қуанышына кенеліп отыр. Былтыр Бейсен мен Күлбаршын Мағзұмовтар қосылғанына 60 жылдығын, яғни гаухар тойын тойлады. Тойларыңыз тойға ұлассын!

 

АПА

Бар кітапты тауысқан                              

Отставкадағы полиция майоры Р.Дарбаеваны аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы екенін осыдан төрт жыл бұрын білдік. Кітапханашылар Отбасы күніне орай оқырмандармен іс-шара өткізді. Сонда олар «Кітапты көп оқитын отбасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Мереке қарсаңында Раиса Төлеуқызын сөзге тартудың сәті түсті. Көпбалалы отбасының тұңғышы, кішкентайынан кітапқа әуес болып, өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне ертегілер оқып беретін. Алғашында мектеп, есейген соң аудандық кітапханадан кітап алып оқитын болды. Зейнетке шыққан соң, тіпті кітапханадан шықпай, тұрақты оқырман атанды. Күйеуіне қазақша, өзіне көбіне орыс тілінде әдеби кітаптарды алды. Негізінен қазақ, орыс, шетел классиктерін, детектив, фантастиканы оқуды ұнатты. Абайды, М.Әуезовты, С.Мұқановты, Ә.Нүрпейісовты, И.Есенберлинді және тағы да көптеген басқа жазушылардың кітаптарын сүйіп оқиды. Жеке кітапханасында осы авторлардың туындылары бар. Қазіргі шақта заманауи авторлардан А.Марининаның, Д.Донцованың, Е.Вильмонттың шығармаларын,  әсіресе, әйелдер романдарына қызығушылығы басым. Дарбаевтар отбасының қызы Гүлмира да кітапхананың тұрақты оқырманы. Бүгінде 7 сыныпта оқитын немересі Айгерім кітап десе, ішкен асын жерге қояды. Кітапхана есігін ашпайтын балаларға құлаққағыс, Айгерімнен үлгі алсын.

Апаймен әңгімеміз жарасып, қызмет еткен жылдары туралы да сөз қозғадық. Негізінен Дарбаевтар полиция әулеті саналады. Ері отставкадағы майор Қосназар  Әмірғазыұлы аға учаскелік инспектор болып қызмет етті. Алғаш жұмысын паспорт столының қызметкері болып бастады, кейіннен сол бөлімнің бастығы, тергеуші, тәрбие жөніндегі аға инспектор болып қызмет атқарды. Әйел баласы үшін құқық қорғау органдарында қызмет ету – оңай шаруа емес, бұл жұмыстың жауапкершілік жүгі ауыр. Қызметін және отбасын қатар алып жүру де оңай шаруа емес. Дегенмен де, өз қызметіне шын берілген жан екеуін де абыроймен атқарды. Еңбегі еленіп омырауына «ІІБ органында мінсіз қызметі үшін» медалін тақты, белгілер мен басқа да мадақтаулармен марапатталды. Осыдан он алты жыл бұрын майор шенінде зейнетке шықты. Өткен жылы «Кеңес милициясының 100 жылдығы» медалімен марапатталды. Р.Дарбаева Алла қаласа үстіміздегі жылы мерейлі 70 жасқа толмақшы. Кітапхананың бар кітабын тауысып оқыған Раиса Төлеуқызы осындай жан.

 

Арулар  — асыл жандар         

Қаржы патшайымы

Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған Айгерім Қалиева аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінде сегіз жылдай бас маман, ал екі жылдан асты осы бөлімді басқарып келеді. Еңбектен қол үзбей жүріп «Қазақ тұтыну одағы» Қарағанды экономикалық университетін бітіріп алды, жоғары білімді экономист. Бұл қызметтің арқалаған жүгі ауыр және де ол күрделі еңбекті, әр санды үлкен мұқияттылықпен тексеріп отыруды  қажет ететін қызмет.

А.Қалиева әріптестерінің ортасында сыйлы. Негізінен жаны жайсаң жан өз ортасының сәні мен көркі деуге болады. Тұрмыста аяулы жар, тоғыз жасар Темірлан мен үш жасар Науан атты тәтті балапандардың сүйікті анасы. Бос уақытында отбасына тәтті тамақ дайындағанды ұнатады. Қолы босаса тігін тігеді, фитнеске барады.

 

Банк арулары                       

Осыдан төрт жыл бұрын ауданда алғаш рет «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамы ашылып, біздің газет редакциясы осы банкке ауыстық. Мекеменің табалдырығын аттағаннан-ақ банктің қыз-келіншектері клиентті жылы шыраймен қарсы алып, барынша жағдай жасап, қызмет көрсетті. Және де қашан барсаң да осы ықылас-ниетінен бір айнымайды. 8 наурыз мерекесі қарсаңында банкке барып, мамандармен кездестік.

Аға қаржы кеңесшісі Айгүл Асылбекова банк ашылған күннен бері еңбек етіп келеді. Мамандығы өзіне қатты ұнайды. Әрине, жұмысын жаңа бастаған маманға алғашында қиындау болды. Жетекші маман, аға қаржы кеңесшісі болғанына екі жылдың жүзі болды. Жұмысының аты айтып тұрғандай, күніне алдынан қаншама клиент келеді.Әрі көптің көңілінен шығу оңай емес, бірақ сонда да болса тіл табыс, шаруасын тезірек бітіріп қуантуға асығады.

Айгүл Тұрсынбекқызы тұрмыс құрғанына он жыл. Өзі бес баланың кенжесі. Жолдасы Айбек отбасының тұңғышы, шаруа қожалығының иесі. Ұлы Әсет 4 сыныпта оқиды. Новоселовка ауылында тұрады. Жаратылысынан шапшаң Айгүл үйдің де, түздің де жұмысына үлгіреді, мал ұстайды, сиыр сауады. Ата-енесімен сыйластықта тұрады.

Жаратылысынан  ақкөңіл де көпшіл Дариға Тастұрғанова бұл мекемеде аға кассир болып үшінші жыл еңбек етеді. Мамандығы есепші. Кассир деген атынан белгілі. күні бойы кассаның алдында кезекте тұрған адамдарды көресің.

Дариға Базарбайқызы отбасында да сыйлы жан Жолдасы Дулат өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Үлкен ұлы 10 сынып, қызы 1 сынып оқушысы.

Екі-үш жылдай бұл мекемеде Г.Ермаханова заңды тұлға өкілдеріне қызмет көрсетуші бас маман болып қызмет етті. Есіктен кіріп келгенде алдымен көзге Гаухар түседі. Қашан көрсең де күлімсіреп, жайдары мінезімен, қасына келген адамды бірден өзіне баурап алатын қасиетімен ерекшеленді. Жақында ол отбасымен Ақтөбеге көшіп кетіпті. Банктің қыздары туралы мақала жазғаннан кейін Гаухар туралы бірер ауыз сөз айтпай кетуге жарамас.

-Ұжым кішкентай болса да, өте татумыз. Мақсатымыз – клиенттердің көңілінен шығатындай қызмет көрсету. Шын жүректен біздің банктің аруларына еңбекте табыс, денсаулық, сұлулық, бақыт, қуаныш тілеймін. Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрыңыздар, — деген игі тілегін білдірді бөлімше бастығы Асланбек Кишкентаев.

Дайындаған Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика