Общество

Мемлекеттік тіл

0 18

Өткен жетіде аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту және қолдану жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында этнос жастары және үш тілді қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында аудандық байқау және олимпиада өтті.

ТІЛ – ПАРАСАТ

Іс-шараны тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрлыбек Игіліков ашып, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш» деп Елбасы айтқандай, қазақ тілі көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы екенін айта келіп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Жарысқа Тимофеев орта мектебінің 11 сынып оқушысы Халмурад Байметов, Сұлукөл орта мектебі шағын орталығының тәрбиешісі Мария Кирмасова, №2 Аманқарағай орта мектебінің мұғалімі Әбділәзиз Нұрилла, ауыл шаруашылық колледжінің бірінші курс студенті Жасмин Подберезко қатысып, бақ сынады.

Байқаудың бірінші тапсырмасы — қатысушылар сандармен белгіленген ұяшықтарды таңдады, сол санда — тіл, Астана, Мәңгілік ел, ЭКСПО, латын әріпі, табиғат туралы тақырыптар бойынша дайындықсыз ауызша әңгімеледі. Үйге берілген тапсырма бойынша қазақ тілінде эссе жазып әкеліп тапсырды. Ал «Шабыт жұлдызы» бөлімінде үміткерлер өз өнерлерін көрсетті. Халмурад Умаралиұлы «Ханшайымым», ал Мария Андрейқызы «Күміс құмған-ай» әсем әнімен көрермен көңілін шалқытты. Әбділәзиз Қахраманұлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» өлеңін сезімге беріле оқыса, Жасмин Анатолийқызы «Бақыт» туралы өлеңді нақышына келтіре мәнерлеп оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Үш бөлімнен тұрған байқау өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы әрбір қатысушының берілген тапсырмаларды орындағанда, олардың тілді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуына, жауаптарының орамдылығы мен мазмұнына, тіл шеберліктеріне, шешендік қабілеттеріне  қарай баға берді. Нәтижесінде, «Тіл — парасат» байқауының жеңімпазы болып бірауыздан Тимофеев орта мектебінің 11 сынып оқушысы Халмурад Байметов танылды. Жеңімпаз Мадақтамамен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды. Қалған қатысушылар да жүлдесіз қалған жоқ.

Бұл сайысты өткізудегі мақсат — мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, этнос жастары арасында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, тіл мәдениетінің деңгейін арттыру.

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика