Общество

Жыр арқауы – Астана

0 16

Айтыс – асыл өнер. Бүгін барша халық сүйіп көріп, тыңдап жүрген өнердің бірегей саласы. Айтыстың іргетасы, әрине, ұрпақтан, яғни балаң шақтан басталары анық.

Үстіміздегі жылғы сәуір айының 3-ші жұлдызында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Новоселов орта мектебінің төрінде өткен ХХVІ аудандық оқушылар ақындар айтысына куә болған өз басым бұл өнердің болашағының бұлжымай алға баса береріне сенгенімді жасыра алмаймын.

«Жас тұлпар» сайысына төрт жұп, яғни сегіз үміткер Еркебұлан Фазылбеков (№2 Аманқарағай ОМ), Әлібек Жарылқасынов пен Дамир Шынболатов (Новоселов), Гүлден Баймұханова мен Айбек Ғабдуллин (№28 Құсмұрын), Әлішер Әбдібеков (№1 Қазанбасы), Ақбота Өмірбекова (Көктал) және Дильназ Бекбаева (Сосновка НМ) қатысты.  Жоғарыда атап өтілген орта және негізгі мектептерінен өнер сынына түскен оқушы ақындар үлкен дайындықпен келгендерін алыстан аңғартқандай болды. Соңғы жылдары үнсіздеу қалған аталмыш оқушылар айтысының қайта жаңғыруы көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз.

Рухани жаңғыру атты ұлы да өміршең істің басталуының бір тармағы осы ма деп ойлаймыз. Новоселов орта мектебіндегі осы айтулы айтыс аталмыш білім ұясының ұлағатты ұстаздарының бірі, өнердің, білімнің, тілдің жанашыры болған, бүгінгі көптеген шәкірттердің ұлағатты тәлімгер ұстазы марқұм Ғ.Мұқышеваны еске алуға да бағышталғаны, бізге тебіреніспен қоса тағылым бергендей болды. Сахнада бақилық болған ұстаз Ғалия Зуфарқызын еске алған шәкірттер «Ұстаз туралы үзік сыр» атты арнау-жыр оқыды. Әрине, айтыс – өнер тойы, сондықтан да тойдың тойға ұласа берері де сөзсіз.

Бас қала Астананың 20 жылдығы, өз ауылдарының әсем табиғаты, мақтанар жай-күйлері, мектептерінің мерейлі істері төңірегінде барынша жырлауға тырысқан ақындар көрермен қауымға ой салып, күлкі сыйлағаны есте қалар жай болды. Салмақты сын да, орынды пікір де, кешірімді әзіл де орнымен айтылып, ел көңілінен шығып жатты. Осы бір шағын да, сәнді білім ұясында ұйымдастырылған жыр сайысы баршамызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын жасыру қиын.

Сайысқа құрамында осы жолдардың авторы және көп жылдар бойы аудандағы айтыс өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ардагер ұстаз Орынша Марденова, білім  бөлімінің бас маманы және әдіскері Нұржамал Құлтаева мен Гүлназ Қарымсаковалар бар қазылар алқасына танымал ақын Абай Қажи төрағалық өтті. Осынау айтыс барысында өлең ұйқасы мен өтімді де өткір сөзі әрі батылдығымен көзге түскен ақындарға қазылар алқасының ұйғарымымен бағалы сыйлықтар мен жүлделі орындар белгіленді. Нәтижесінде, жыр сайысында суырып салуға бейімділігі, орындау шеберлігі айқын аңғарылған №28 Құсмұрын орта мектебінің намысын қорғаған ақын Айбек Ғабдуллинге бірінші орын берілді. Екінші жүлделі орын Новоселов орта мектебінің ақыны Дамир Шынболатовқа ұсынылып, үшінші бәйгені №28 Құсмұрын орта мектебінен келген Гүлден Баймұханова жеңіп алды. Аса тартымды өткен жыр бәйгесінде «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болған №1 Қазанбасы орта мектебінің ақыны Әлішер Әбдібековтің өнеріне шынайы тәнті болған халық шапалағын аяп қалмады. №2 Аманқарағай орта мектебінің намысын қорғаған Еркебұлан Фазылбеков өзінің де, сөзінің де өткірлігімен ерекшелене білді. Бұл ақынға айтысты ұйымдастырушы Новоселов орта мектебі ұжымының атынан қазақтың қасиетті қара домбырасы сыйға тартылды. Сайыстың ара-арасында марқұм Ғалия Зуфарқызы еске алынып отырды. Аталмыш ұстаздарын жырға қосқан ақындарға ұстаздың жұбайы Балдырған Мұқышев екі қызымен және ұлымен сахнаға шығып, сый-сияпаттарын ұсынды. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі атынан бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленген ақындарға Алғыс хаттар мен дипломдар табысталды. Ұлы той-жыр тойына куә болған халайық шынайы риза болып тарасты. Оқушылар айтысының қызықты да, тартымды болғанына көрермен қауым куә болды.

Аталмыш оқу орнының директоры Нұржан Сартаев бастаған ұстаздар қауымы мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мәртебелі істің тиянақты тәмамдалуына барынша ат салысқанын білдік.

Дегенмен көңілде аз-мұз кірбің де қалғаны жасырын емес. Осынау жыр сайысына атағы жер жаратын облыстағы ірі аудан Әулиекөлдің өзге мектеп ұжымдарының ат салыспауы өкінішті-ақ. Осынау үнсіз жатқан мектеп басшыларына Рухани жаңғырудың неден басталатынын естерінде сақтаса деп ойлаймыз.

Қазылар алқасының ұйғарымымен облыстық оқушылар айтысына А.Ғабдуллин жолдама алды. Құсмұрындық Айбек ақынға алдағы үлкен додада жеңіс жалауын желбірете берсін деген тілек білдіреміз. Сөз соңында айтарым, үстіміздегі жылғы облыстық оқушылар айтысы біздің ауданда, яғни 27 сәуірде мәдениет үйінде өтетінін қуана хабарлаймыз. Келіңіздер, көріңіздер.

Тоғайбай БАБЫР,

қазылар алқасының мүшесі

Суреттерді түсірген Алмагүл ЕРМАНОВА

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика