Общество

Мың айдан да қайырлы Қадір түні

0 10

Әулиекөлдік жамағат маусым айының 11-нен 12-не қараған түні қасиетті  кешті өткізу үшін Әмит ишан мешітіне жиналды. Және де бұл түн жып-жылы, тынық болып, халықтың көңіл-күйі де ерекше көтеріңкі. Қадір түні Алланың жердегі үйінің іші-сырты халыққа лық толды. Мешітке келушілер қатарында имандылық жолға түскен жастар көп, олар тарауық намазынан қалмайды. Оны жақсылықтың нышаны деуге болады. Барлығы 250-дей адам жиналды.

Рамазан — Пайғамбар үмбеттерінің айы. Мұсылман қауым жиырма тоғыз күн ораза ұстап, Алла тағалаға құлшылық етеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың бір хадисінде: “Айлардың сұлтаны — Рамазан, күндердің сұлтаны — жұма, түндердің сұлтаны — Қадір кеші қасиетті” делінген. Ол мың айдан да артық, онда 83 жыл 4 ай бар.

Бұл күні жамағат алдында наиб имамдар Арман қажы Қуанышбаев пен Нұрсұлтан Жанабергеновтер осы Қадір түнінің қадір-қасиеті, оразаның пайдасы, тақуалық туралы әсерлі әңгімелеп, жұртшылықты имандылыққа ұйытты.

Сөз алған хатиб имам Нұрбол қажы Балахметов алдымен тілекті Отанымыз Қазақстаннан бастау керек, сосын отбасына, туған-туыстарға, жаңа мешітіміз тезірек бой көтерсін деп дұға тілеңіздер деді. Бұл түні бір кісі лә илләһә иллалаһ деп үш рет айтса, бірімен күнәлары кешіріледі, екіншісімен жәннатта болуы уәжіп болады, үшіншісімен Алла тағала разы болады. Үш рет айтқанда осындай сауап берсе, лә илләһә иллалаһ кәлимасын үнемі айтқанға сансыз сауап болатынын естен шығармауымыз керек. Қадір түнінде кірпік ілместен құлшылықта болған пенделерінің күнәсін Алла тағала жарылқайды, рахмет назарын салатынын ескерте келе, ұстаған оразамыздың, оқыған тарауық, берген пітір-садақаларымыздың қабыл болуын сұрап, Жаратушыға шын жалбарынып барша тағат-ғибадаттарымыз қабыл болсын деп тілек тілейік деді.

Жылма-жыл Қадір түніне демеушілік жасау дәстүрге айналды. Биыл шынайы мұсылмандық танытқан ел азаматтары «Чернигов» ЖШС директоры Имран Гучигов, шаруа қожалығы басшылары Ғиният Хасенов, Бөкенбай Исабаев, Марат Нұрқанов, «Антрацит-Кост» ЖШС басшысы Төлеген Оразовтар қосылып, ауыз аштырып, Қадір түнін өткізді.

Хатиб имам Нұрбол қажы Исламұлы әркез мешітке қолұшын беретін жанашыр жандардың отбасына, «Береке» мейрамханасының иесі Данияр Дәрменбаевтарға сауапты ісі үшін алғыс айтып, ықылас-ниеттеріңізді бір Алла тағала қабыл етсін, биыл егін-шөбіміз мол шығып, ырысты жыл болғай деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Биылғы тарауық намазын 29 күн бойы тәжік азаматы Эсенджон Шарипов оқып, Құран хатым етті. Құран оқылып, қадірменді Әкімбек қажы Қабден тарауықтан кейін қол жайып бата берді.

Мешітке жиналған жамағат имамдардың уағызын тыңдап, оразадан оразаға аман-есен жете берейік деп, таң намазын оқып, сәресі ішу үшін үйді-үйлеріне тарап, қалған құлшылығын өздері жалғастырды.

 

Эсенджон қари   

                                                        

Құранды басынан аяғына дейін толық жаттаған және оны жүрегінде сақтаған адамды исламда қари (хафиз) деп атайды. Биылғы тарауық намазын Тәжікстан тумасы Эсенджон Шарипов оқыды. 23 жасар қари жеті жасында Құран медресесіне түсіп, оны он жасында бітіріп шыққан.

Эсенджон қариға дін ислам жолындағы еңбегі жемісті, Алла разы болсын дегіміз келеді. Осындай қари азаматтар өз ұлтымыздан шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор, Әлисұлтан ИСЛАМ

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика