Общество

Самғатқан сан қыранды алтын ұя

0 8

Ауыл десе, ең алдымен, көз алдыңа жайқалып, иісі аңқыған көк майса жер, төскейді бетке алып жайылған мыңғыраған төрт түлік малы, қоңыр тірлік жасап отырған ел түседі. Ол халқымыздың қасиетті мекені, киелі ордасы, тереңнен тамыр тартқан мәуелі бағы. Сондай қазақы, жасыл желектің ортасында, табиғаты әсем жерде орналасқан ауылдың бірі Калинин. Осы аядай ауылға көрік беріп тұрған ғимарат – негізгі мектеп. Ауылға кіре бергеннен-ақ елдің тыныс-тіршілігінің қандай екенін айтқызбай-ақ түсінесің. Қыстың қамы ғой, үйлердің ауласында үйілген мая-мая шөп.

2018 жылдың 4 тамызы. Калинин негізгі мектебінің алды мерекеше безендірілген, ығы-жығы халық. Бұл күні білім ордасының әр жылғы түлектері туған ауылына, сүйікті білім ордасына және арнайы шақырылған қонақтар ат басын тіреді. Көзге бірден «1988-2018 — 30 жыл» деген баннер түседі. Мерейтойдың Астана қаласының – 20, ауданның құрылғанына 90 жылдығымен тұспа-тұс келуі қуанышты еселей түсті.

Мектептің іші-сырты бірдей жарқырап, гүлдей жайнап тұр. Кірсең шыққысыз, таңғалмасқа шараң жоқ. Мұндай ғимарат аудан көлемінде жоқ, мүмкін артық айтқандық болар, облыста да жоқ шығар. Бұл, әрине, бірлігі жарасқан ұжымның тынымсыз еңбегінің арқасы. Бұл үлгілі мектеп туралы талай рет газет бетінде «Таңдаулы мектеп ауласы», «Үздік жөнделген мектеп» номинацияларына ие болғанын жазғанбыз. Ғимараттың ішіне кіргенде, аудандағы бірде-бір мектепте жоқ еліміздің атын үлкен додада шығарып, көк туды желбіретін жүрген «Қазақстан мақтанышы» атты үлкен стендті көруге болады. Осында облыстық семинарлар да өткізілген болатын. Мектептің бас демеушісі туған ауыл перзенттері — ағайынды Омаровтардың шаруа қожалығы. Олардың қолдауынсыз бірде-бір мерекелік іс-шара өтпейді. Ел бірлігін сақтап отырған қайырымды жандарға ауылдастары дән риза.

Ендігі әңгіме, мектептің шығу тарихы туралы. Білім ордасының іргетасы 1935 жылы қаланып, «Красный лесоруб» болып ашылған. Мектептің алғашқы оқу ісінің меңгерушісі әрі мұғалімі Хамидолла Жакин, ал мұғалімдер В.А.Шинкаренко және Сұлтан Өмірзақов. Алғашқы  оқушылары  А.Исмурзин, П.Фесик. Мектепке жылдан-жылға оқушыға оқушы, мұғалімге  мұғалім  қосылып, 1949-1950 жылдары  жетіжылдық мектеп  болып ашылып, директоры болып Хамидолла  Қожахметов тағайындалды. Ал 1950-1951 жылдары — Қыпшақ Исмағұлов, 1952-1953 жылдары — Қабыл Исмағұлов, 1953-1954 жылдары — Төлеутай Исмағұлов, 1954-1956 жылдары — Төлеген Жайғужин, 1956-1957 жылдары — Айтмолда Дәулетбаев, 1959-1960 жылдардан бастап Аманжол Сокитбаев мектепті жиырма жеті жыл бойы басқарған. Осы мектептен болашақ академик Сағындық Сатыбалдин де дәріс алғанын мақтанышпен айтады.

1988 жылы 1 қыркүйек Калинин ауылы үшін қуанышты жайт болды. Шешенстаннан келген Анзоров Хизердің бригадасы үш ай демалыста еңсесі биік, кең де жарық мектеп құрылысын аяқтап, қолданысқа берді. Бірінші қыркүйекте мектеп басшысы Сокитбаев Аманжол ағай денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмады. Мектепке Б.Даумова директор болып тағайындалды. Ұлағатты ұстаз Омарова Жамал апай 1 қыркүйекте салтанатты сәтте мектеп кілтін Батима Бексұлтанқызына табыс етті. Мектепке Мұстафина Гүлсім Әмірханқызы, Қасқадамова Сара Имашқызы, Ерішова Асыл Әубәкірқызы, Белхиева Шайынгүл Сәруарқызы, Рақымова Қарлығаш Әбікенқызы сияқты жас мамандар келді. Келесі жылғы оқу жылында мектеп ұжымы Ерғалиева Раушан Хамитқызы, Жантаева Жанат Асқарқызы, Еркеш Сағатбеков, Искаков Бағдат Зейноллаұлы, Каскина Алмагүл Алдабергенқызы, Жайлаубаева Жаңылсын Бағытжанқызы және Алданыш Сабировалармен толықты.

1989-1990 жылдары мектеп тоғызжылдық болды. 1991-1992 оқу жылында қызметке жас ұстаздар Ерішов Ғалымжан Әубәкірұлы және Сәрсенова Құндызай Хамитқызы  келді.

1992-1993 оқу жылында білім ордасы он бір жылдық болып ашылды. Миалы ауылынан 42 оқушы қатынап, аралас мектепте 200-ге тарта оқушы дәріс алды.

1994-1995 оқу жылында ұжымнығ қатарына Искакова Гүлжан Сағиқызы, Ерішова Жанар Балмағамбетқызы қосылды.

1995 оқу жылының аяғында Бәтима Бексұлтанқызы Новонежин орта мектебіне жұмыс бабымен ауысты.

1995-1998 оқу жылында Жансүгіров Сабыржан Амантайұлы мектеп директоры болып тағайындалды. Осы жылдары мектепте жұмыс істеген мұғалімдер Жансүгірова Жанар Фазылханқызы, Бижанова Сәуле Қорғанбекқызы, Омарова Алма Қабдуқызы, Абдығалиева Айгүл Амандыққызы, Сүлейменова Зәуреш Сәбижанқызы, Искаков Ермекбай Есқалиұлы, Омарова Қымбат Амантайқызы және Орынбаева Мейрамкүл Қожабайқызы.

1998-2012 оқу жылында Ерішов Ғалымжан Әубәкірұлы мектепке басшылық етті. Мектепке жас мамандар Жансүгірова Айгерім Амантайқызы, Жакупова Лаура Есенжолқызы, Сейітова Сәуле Ыбырашқызы, Саулебаев Шоқан Рахымұлы, Мұхамеджанова Айнагүл Қазыбайқызы  алғашқы еңбек жолын бастады.

2010 жылы орта мектеп жабылып, шағын жинақталған негізгі мектеп болды. 2012 жылы Ғалымжан Әубәкірұлы аудан орталығындағы қара шаңырақ Шоқан Уәлиханов орта мектебіне директор болып ауысып, орнына Орынбаева Алмагүл Алдабергенқызы тағайындалды. 2015 жылы мектепке түлек Ещанова Базаркүл Қалиқанқызы жас маман болып келді.

Осы  мектептің  түлегі,  өмірінің қырық жылға жуығын шәкіртіне сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз Әлима Жасақбаеваны ерекше атап өтуге болады.

Қазақ  халқы «Ат  тұяғын  тай  басар» дегендей, мектебінің мерейін  үстем  етіп  жүргені  шәкірттері көңілге  қуаныш  ұялатады. Мектеп мақтанышы — 1989 жылғы  қызыл  аттестат  иегері Жанар Абдуалиева, қазіргі  таңда  Сырбай  Мәуленов  атындағы  гимназияның  математика  пәні  мұғалімі, 2014 жылғы  түлек Гүлім Шуренова үлгілі аттестат иегері, қазіргі таңда Қостанай  педагогикалық  колледжін  қызыл  дипломмен тәмәмдады. 2016 жылғы  түлек Зарина Қалиева  үлгілі  аттестат  иегері. Элина Аккерман  республикалық олимпиада жеңімпазы,  өзге ұлт өкілі Маргарита Васильева айтысқа қатысып, жүлдегер атанды. Мектептің жеткен жетістіктерін тізе берсек, оны газет көлемі көтере бермейді.

Жалпы  алғанда, осы отыз жыл  ішінде, мектеп бітіруші 250  түлектің 70-і ұстаздарының  жолын  қуып мұғалім болды. 45 түлек полиция қызметкері, он дәрігерлер, отыз оқушы бухгалтер маманы шықты.

Бүгін, міне, Калинин негізгі мектебі есігін айқара ашты. 1988 жылы жаңа мектептің іргесі қаланғанына 30 жыл. Туған жер төсіне қанаты қатайып ұшқан, алтын ұя мектебімен кездесуге асыққан түлектер, яғни осыдан отыз жыл бұрын бітіріп кеткен түлектерден бастап үстіміздегі жылы білім ордасын аяқтаған кешегі түлектерге дейін туған мектебіне жиналған. Көптен бері бір-бірін көрмеген кластастар шұрқырасып, құшақтасып қауышуда. Бір кездергі балауса жігіт пен ақ бантик таққан бойжеткен бүгінде есейіп кеткен. Өздерін білім нәрімен сусындатқан, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымен кездесіп, өздерін ұстаз алдындағы шәкірттей сезінді.

Салтанатты жиынның құрметті қонақтары — сол жаңа мектептің алғашқы директоры, бүгінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Бәтима Даумова, Новонежин ауылдық округінің әкімі, осы мектептің түлегі Дастан Искаков, білім бөлімі басшысының орынбасары Камила Нұрахметова мен әдіскемелік кабинетінің меңгерушісі Ақмарал Махашева, Калинин мектебін 1995-1998 жылдары мектеп басшысы Сабыржан Жансүгіров, ардагер ұстаздар Қазина Сәулебаева, Мәрзия Жансүгірова, Гүлжауһар Нок, Ұлбөпе Әбдібекова, Раушан Ерғалиева, мектеп түлектері, ел ағалары,  халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Бауыржан Әбдібеков, шаруа қожалығының басшысы Амантай Омаров, осы мектептен ұстаздық жолын бастаған, бүгінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаңылсын Омарова және әр жылғы мектеп түлектері қатысты.

Алдымен мектеп ауласында салтанатты тәлімсәтіне сапқа тұрды. Қоңырау соғу құрметіне — 1989 жылғы жұлдызды түлек Жанар Абдуалиева мен 1999 жылғы түлек, республикалық грек рим күресінің бірнеше дүркін чемпионы, «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы Дәурен Жакин  ие болды. Еліміздің әнұраны орындалды.

Алғашқы мерекелік жиынды негізгі мектеп басшысы Алмагүл Орынбаева кіріспе сөзбен  ашып, мектеп тарихында, әр түлектің жүрегінде мәңгі қалатын ерекше атаулы күн екенін айтты. Бүгінде мұнда қырық екі оқушы дәріс алатынын және мектептің тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен таныстырды.

Тәлімсәтінен кейін қонақтар білім ордасын аралап, сол бір артта қалған балалық шағын қимастықпен еске алды. Мектепте осы мерейтойға қарсы мектеп тарихынан сыр шертер мұражай ашылған. Ондағы ілулі тұрған суреттерден аяулы ұстаздарын көріп үлкен әсер алып, жүректері толқыды.

Мерекенің екінші бөлімі мектептің акт залында жалғасты. Мұнда көпшілік назарына «Мектеп өмірі» атты бейнефильм ұсынылды. Осы жылдар ішінде өмірден өткен аяулы ұстаздарын, кластастарын бір минут үнсіздікпен еске алып, көңілдері жабырқады. Тәубе етерлігі, олардың артында жақсы істері, перзенттері бар.

Одан кейін мерекелік құттықтау-тілектер басталды. Бірінші болып сөз алған құрметті қонақ Бәтима Бексұлтанқызы өзі қызметін бастаған мектебі, сол бір артта қалған жылдарын сағынышпен еске алып, осы отыз жыл ішінде қаншама шәкірт түлеп ұшып, бүгінде бір-бір мамандық иесі екеніне тоқталды. Осындай қуанышты сәтте Б.Даумова облыстық білім беру басқармасы атынан Білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігі үшін және Калинин негізгі мектебінің 30 жылдық мерейтойына орай — Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі Жамал Омарова, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Мәрзия Жансүгірова, ардагер ұстаздар Қазина Сәулебаева, Үмітай Мұхамеджанова, Әлима Жасақбаева, Сабыржан Жансүгіров, Ғалымжан Ерішев, Алмагүл Орынбаева, Айнагүл Ещанова, Гүлсім Мұстафина, Құндызай Искакова,  Қарлығаш Рахимова, Оразғалым Рахимовтар Құрмет грамотасымен марапатталды.

Одан кейін білім бөлімі басшысының орынбасары Камила Нұрахметова құттықтау сөз сөйлеп, мерейтойға арнайы Құттықтау хатпен бірге үш түрлі функция атқаратын сканер, принтер, ксероксті сыйға тарту етті. Ардагер ұстаздар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Одан кейін мектеп өмірінің толқындарымен капитан Оразғалым Рахимовтың басшылығымен «Мектеп кемесімен» саяхатқа шықты, жолшыбай әр аялдамада сахнаға әр жылғы түлектер класс жетекшілерімен бірге шығып, өскен ұяға, үлкен өмірге жолдама алған мектебіне келіп зор қуаныш үстінде тұрғанын, тай құлындай тебіскен кластастарымен жүздескендеріне және аяулы ұстаздарымен  қауышқандарына қатты қуанышты екенін айтып жерлестеріне деген сағынышын жеткізді, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бұл ұмытылмас кездесуде қаншама ыстық қауышуды, жүрек толқытар сәттердің куәсі болдық. Бәрі де туған ауылына келіп, бір кездері асыр салып ойнаған жерінде аунап-қунап, таза ауасымен демалып, бір жасап қалды. Өткенді еске алып, әңгіме-дүкен құрып, үлкен әсер құшағына енді.

Мерекелік іс-шараның арасында Гүлім Теміртаева «Астана, бас қала» және «Әсем әннің» атты әсем сазды әндер сыйласа, Абай оқуларының жеңімпазы Дияр Өндірісов Шәкәрімнің «Адамның борышы» өлеңін мәнерлеп оқыса, даярлық тобының балғындары жәнеАқжан Серікбаева биден шашу шашты, соңынан оқушы қыздар тамылжыта «Соңғы қоңырау»  әнін сыйға тартып, жиналған қауымды ерекше сезімге бөледі.

“Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, өздері оқып, білім алған, еркелеп өскен туған жер төсінде бас қосқан  мектептің мерейтойы мен түлектер кеші осылайша дүркіреп өтті. Калинин ауылы мектебінің ұжымы өздерінің ұйымшылдығын, ынтымақтастығын, татулығын, бірлігін осылай көрсете білді. Той тойға ұлассын.

 

Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА

Суреттерді түсірген автор және Айнагүл ЕЩАНОВА

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Опросы

Поддердиваете ли Вы мнение лидера партии "Ақ жол" Азата Перуашева о строительстве массового, народного жилья?

Смотреть результаты

Загрузка ... Загрузка ...
Яндекс.Метрика